ҒАЛЫМНЫҢ ЖАҢА ЕҢБЕГІ
12 сәуір – Қазақстанда ғылым қызметкерлерінің күні. Күнтізбедегі бұл күн кездейсоқ таңдалмады, дәл сол күні Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаев дүниеге келген.
Осынау атаулы мереке Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессор-оқытушыларының шаһар орталығындағы геолог-ғалымның ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Келесі шара университеттің Ғылыми кітапханасында жалғасты. Оқу залында ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы,профессор Бақтыбек Таубаевтың «Шабындықтар мен жайылымдар, оларды жақсарту әдістері» атты оқу құралының тұсаукесері өтті. Ғылыми еңбектееліміздің ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі міндеттерді іске асыруда шалғын шаруашылығының маңызы қарастырылған.
Оқу құралында елдің топырақ-климаттық аймақтары бөлігіндегі табиғи жемшөп алқаптарының өсімдіктеріне, шалғындар мен жайылымдардың қауымдастығына, оларды жақсарту және ұтымды пайдалану технологиясына толық сипаттама берілген.
Кітаптың тұсаукесерінде филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Жүсіп, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қосыбек Ырзағалиев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Иманғалиев, тарих ғылымдарының кандидаты, Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, биология ғылымдарының кандидаты Гүлфайрус Аталықова сөз сөйлеп, ғалым еңбегінің маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде оқу құралының авторы, профессор Бақтыбек Таубаев кітаптың жазылуы мен тәжірибе жұмыстарын жүргізілуі туралы кеңірек әңгімелеп, келген қонақтарға алғысын білдірді.
Шара соңы университет көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне жалғасты.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерелерінің кәсіптік одағы» ҚБ