ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫНА АҚЫ ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Оқу жылының аяқталуына да санаулы уақыт қалды. Биыл еліміздегі білім беру ұйымдары 5 күндік жұмыс форматына ауысқаны белгілі. Бұл ретте еңбек демалысына шығатын педагогтардың ақысы өзгере ме? Бүгінгі таңда жиі талқыға түсіп отырған сауалдардың бірі осы.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 5 күндік оқу форматы ұстаздардың еңбек демалысына әсер етпейді. Еңбек демалысы 56 күн және өзгеріссіз қала бермек. Еңбек демалысының ақысы да кемімейді.
Ұстаздарды алаңдатқан сауалдарға бүгін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен семинарда жан-жақты жауап берілді. Онлайн режимінде өткен шараға салалық білім кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова, кәсіподақ заңгерлері, аудандық кәсіподақ көшбасшылары, білім бөлімдері, мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, есепшілері, кадр жөніндегі мамандар, барлығы 100-ге тарта адам қатысты.
Білім кәсіподағының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев, еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау жөніндегі маман Нұрлан Жетпісбай ақылы еңбек демалысына шығу тәртібі, еңбек демалысының ақысын есептеу үлгісін түсіндіріп, қатысушылардың тарапынан түскен сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Айта кетейік, еңбек ақы есептеу, еңбек қатынастарына байланысты туындаған өзге де мәселелер бойынша кәсіподақ заңгерлеріне хабарласып, тегін құқықтық кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.
-
Фотографии
-