СЕМИНАР КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫНА АРНАЛДЫ
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің жоспарына сәйкес Индер ауданында кәсіподақ көшбасшыларын оқытуға арналған облыстық семинары өтті.
Семинарға мектеп, балабақша және мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан 28 төраға қатысты.
Жиынды «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Индер аудандық комитеті» Филиалының төрағасы Қалжан Ахметова кіріспе сөзімен ашты: «Биылғы жылы барлық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарында есеп беру-сайлау науқаны жүреді. Бұл деген сіз бен біздің соңғы бес жылда жасаған жұмысымыздың қорытындысы болмақ. Ауданда осы науқанға дайындық басталып кетті. Индер аудандық салалық кәсіподақтың Атқару комитетінің шешіміне сәйкес бастауыш ұйымдарда есеп-беру жиналыстарын өткізудің мерзімі белгіленді. Бүгінде Аққала орта, Әбіш Кекілбаев атындағы орта мектептері мен «Айналайын» бала бақшаларында бастауыш кәсіподақ ұйымының жиналыстары өтіп, есептері беріліп, жаңа төрағалар сайланды. Енді олар кезекті жиналыстарында өздерінің өкілеттігін бекітеді және аудандық кәсіподақ конференциясына делегаттар сайлаумен шектеледі. Қалған барлық бастауыш ұйымдарда кестеге сай есеп-беру сайлау жиналыстары өтеді. Осы бағыттағы бірлескен жұмысымыздың жүйелі, сапалы өтуі үшін бүгін біздің ауданда облыстық комитеттің тарапынан семинар ұйымдастырылды», – дей келе, өткізгелі отырған семинардың мақсаты мен мазмұныны мамандар түсіндіріп өтті.
Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе бойынша «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Қылышбай Сүндетұлы білім беру саласы қызметкерлерін Орталық салалық кәсіподақ комитетінің тарапынан келген марапаттарды тапсырды. «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен оқушылар шығармашылығы орталығының педагог маманы Нәсіпқали Өтепқали, «Қарлығаш» бала бақшасының басшысы Лаззат Жакиева, ал «Қазақстандық оқу ағарту және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ-нің Құрмет Грамотасымен «Қызғалдақ» бала бақшасының басшысы Маркизат Утешева, «Райхан» бала бақшасының басшысы Эльмира Куанышева марапатталды.
«Кәсіподақ көшбасшыларын оқыту» тақырыбындағы облыстық семинар ары қарай өз жұмысын жалғастырды. Төраға Қылышбай Сүндетұлы 2022 жылы атқарылған жұмыстар туралы және биылғы жылы жасалынған істермен қатар әліде атқарылар жұмыстардың ауқымды екендігіне тоқталды. Кәсіподақ тарапынан беріліп жатырған марапаттардың мұғалімдердің аттестаттау кезінде ескерілмей келе жатқанына орай түскен сұрақтарға жауап берілді және осы сұрақтың, одан басқа бес мәселенің оң шешілуі жөнінде ҚР-ның Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа айтылғанын және оның ішінде КСРО Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиев атындағы ғылыми-практикалық конференцияны облыс бойынша үш жылда бір рет өткізу жөніндегі ұсыныстың министр тарапынан қолдау тапқанында жеткізді.
Педагог қызметкерлердің коммуналдық жеңілдікке төленуге тиіс қаражаттың өсуі де Кәсіподақтардың облыстық бірлестігімен бірлескен жұмысының нәтижесінде оң шешім тауып, 15 345 теңге көлемінде төленетінін жеткізді.
Қызметкерлерді кәсіподақ тарапынан марапатқа ұсынуға болатынын, тек марапат қағаздарының дұрыс толтырылуы қажеттігі баса айтылды. «Егеменді елдің еңселі ұстаздары» тақырыбындағы колледж қызметкерлері арасындағы байқау фестивалі, биылғы жыл «Еңбекті қорғау жылы» болып жариялануына орай «Үздік техникалық инспектор» байқауының өтетіндігіне, есеп беру сайлау науқанына дайындық басталып кеткеніне тоқталды. «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының ұйымы» ҚБ-нің заңгері Юлия Айбусинова «Келісу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында дәріс оқыды. Баяндамашының әңгімесі өте тартымды өтіп, кәсіподақ төрағаларының қосымша сұрақтарымен толыға түсті. Тақырып негізінде дайындалған слайдтар бастауыш ұйымдарына тарататылып, электронды пошталарына салынды.
«Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының ұйымы» ҚБ-гі ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Зауреш Бекмуханбетова кәсіподақтың есеп- беру сайлау жиналыстарын өткізу, оның іс қағаздарын толтыру бағытында дәріс оқып, тың мағлұматтар айтты.
Күн тәртібіндегі мәселелер ақталған соң, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен сұрақ-жауап түріндегі жұмыс жалғасын тапты. Төрағалар қойылған сұрақтарына толық қанды жауап алып көңілді тарасты.
Осындай семинарлар Мақат және Жылыой аудандарында да өтті.
«Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ
-
Фотографии
-