ШЫҒАРМАШЫЛ ҰСТАЗ- БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІҢ БҰЛАҒЫ
«Ұстаздық- ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді.Болашақтың басшысын да, данасын да, егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деп, Бауыржан Момышұлы атамыз айтса , Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан, ұстазға жүктелетін міндет ауыр»,- деген еді. Расында да, қазіргі заман мұғалімі тәуелсіз еліміз дамыған отыз елдің қатарынан көрінуі үшін, ең алдымен, білім саласына жаңалықтар енгізе отырып, жаңашыл, өнертапқыш, теориялық білімін практикада қолдана алатын ұрпақ тәрбиелей алуы қажет. Оқушыларымыз бәсекеге қабілетті ұрпақ болсын десек, оларға білім беру ісінде аянбай еңбек етуіміз керек. Қазіргі заманғы мұғалім-информатор, бақылаушы, ізденуші, зерттеуші, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс жасай алатын жаңашыл, сонымен қатар өз кәсібін, өз пәнін, барлық оқушыларын, қызметін шексіз сүйетін адам. Сондай үлгілі ұстаздардың бірі де бірегейі- Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Алтықарасу мектеп-балабақшасының көркем еңбек, кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәні мұғалімі Бақтығұлова Жамал Ұзақбайқызы.
Балаларды білімге қызықтыра отырып, болашағын жоспарлауға көмектесіп, нарық заманында белгілі бір кәсіпке бағдарлап, бағыттау- ұстаздың алға қойған мақсаты. Ұстаздық жолында еліміздің болашағына аз да болса үлес қосып, сапалы білім, саналы тәрбие алған шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу, оқушының жан дүниесін түсініп , өнерге баулу ол кісінің еңбегінің жемісі деп білемін. Көркем еңбек пәні сурет салғызып, әртүрлі қолөнер бұйымдарын жасап қана қоймай, қазақ қолөнерін әрі қарай дамытып, насихаттау,сонымен қатар, жаңа идеяларды тудыратын, жаңа ой тууға түрткі болатындай мол жағымды көңіл-күй сыйлайды.
Адамзаттың өркениетте қол жеткен табысы- ғалымдар мен өнертапқыштардың сан ғасырлық еңбегінің жемісі болса, жинақталған тәжірибелер білімді ұрпақтан ұрпаққа жеткізген ұстаздар қауымының ұлы ерлігі. Иә, ұстаз болумен қатар, әр шәкірттің жүрегінде өшпес із қалдыру, сол арқылы тұтас ұлтты тәрбиелеу өнері де- өнер.
Жас ұрпақты қоғамдық өмірге, отбасындағы қызметке ,кәсіпке даярлау үшін теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана отырып, оны өмірімен , өзінің іс- әрекетімен байланыстыра білгенде ғана өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізе алады дер едім.
Бақтығұлова Жамал Ұзақбайқызы 1976 жылы 15 қыркүйекте Темір ауданы, Алтықарасу ауылында дүниеге келген. 1993 жылы Алтықарасу орта мектебін тәмамдап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын «Кәсіптік бағдар және еңбек» мамандығы бойынша бітірген. 2008-2010 жылдарында ҰҚТ тәрбиешісі және іс-қағаз жүргізуші қызметтерін атқарды. 2008-2010 жылдары әлеуметтік –педагог болып еңбек етті. Аталған қызметтердің бәрінде Жамал өзінің білімді де біліктілігін көрсете білді. Әсіресе әлеуметтік педагог штаты алғаш ашылған жылда сол саланың дамуына зор үлесін қосып,тыңнан жол салды десекте артық айтқандығымыз болмас. 2010-2017 жылдар аралығында өндірістік оқу шебері қызметімен қатар көркем еңбек пәнінің мұғалімі қызметін қатар алып жүрді. Өндірістік оқу шебері қызметінде көптеген шәкірттері арнаулы трокторист-машинист мамандықтарын меңгеріп шықты. Қазіргі таңда Алтықарасу мектеп- балабақшасында көркем еңбек пәнінің мұғалімі, кәсіпкерлік және бизнес пәндері мұғалімі болып қызмет етіп келеді.
Осы жылдар ішінде ол өзін әр қырынан таныта білді. Жаңалыққа, жаңашылдыққа жаны құмар ұстаз заман ағымына ілесе жаңа технологияларды меңгере отырып, білім сапасын арттыруда көп еңбектеніп келеді. Жамалдың педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасқан, білім негіздерін өз бетінше оқып үйреніп, әр уақытта білімін толықтырып, шығармашылығын арттыруға үнемі көңіл бөліп отырады.
2021 жылы Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі атанды. Дизайнерлер одағы республика көлемінде әртүрлі бағытта жұмыстар атқарып биылғы жылы жұмыстары жинаққа енгізіліп, республика көлеміне таратылды. 2022 жылы Қазақстан педагогикалық академиясының мүшесі атанды. 2022 жыл «ТМД-ның Үздік педагогы» төсбелгімен марапатталды.
Мұғалім оқушылармен жан- жақты жұмыстар жүргізе келе, балаларға эстетикалық, патриоттық, отбасы, адамгершілік құндылықтарын оқушы санасына сіңіре жүріп, ата- анамен де байланыса біледі. Қашанда жақсылықтың жаршысы болып жүру- Жамалдың да бойындағы қасиет.. Қашанда жақсылықтың жаршысы болып жүру- Жамалдың бойындағы қасиет. Ұстаздықпен қатар сынып жетекшілік қызметін де қатар алып жүріп келеді.
Жамал Ұзақбайқызы оқу мен тәрбиелеу ісін ұйымдастырушы ғана емес, балаға дос, кеңесші қызметін де атқарады. Мұғалім заманауи ақпараттық технологияларды да игерген. Жамал мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Оқушылары мектепішілік, аудандық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, өз шығармашылықтарымен жүлделі орындарға ие болуда.
Мысалы:
Халықаралық «Моя Россия» балалар конкурсына қатысқаны үшін Елубай Рашида, Ойлыбай Гүлден, Әбдіғалымова Аяна сертификаттарға ие болды.
Халықаралық «Мың бояулы әлем: Қазақ Ұлттық бейнелеу өнері мен қолданбалы қолөнері»тақырыбында І Халықаралық бейнелеу өнері мен қолданбалы қолөнері туындылары байқауында Серік Рауан 2 орын алды.
Қытайдың Пекин қаласында өткен халықаралық сурет байқауынан Әбдіғалымова Аяна 1 дәрежелі диплом, Елубай Рашида 2 дәрежелі дипломмен марапатталды.
Парижде өткен сурет байқауынан Елубай Рашида,Ойлыбай Гүлден,Берік Ақжүніс диплом иеленді.
Республикалық «Алтын қазына» көрме- байқауының облыстық кезеңінде Әбдіғалымова Әйгерім Облыстық «Ақтөбе- Дарын»ғылыми- тәжірибелік орталығының ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталды.
Республикалық «Берекелі алтын күз» жас таланттар байқауына қатысып Сайлауов Бекарыс 1 дәрежелі диплом,Ойлыбай Гүлден 1 дәрежелі диплом иеленді.
Шәкірттерінің жетістігі осылай шексіз тізе беруге болады. Өнерлі өрендердің қоржыны талай республикалық, халықаралық, облыстық, аудандық жарыстардың жүлдесіне толы.
Жамал Ұзақбайқызы 2021 жылы облыстық «Көркем еңбек» пәні мұғалімдері арасында өткен «Үздік туындылар» шығармашылық байқауына қатысып, ұстаз жұмыстары «Алтын тұмар»жинағына енген. Ұстаз уындылары халықаралық «Бабалар аманаты» кітабына енді. 2021 жылы Республикалық «Білікті педагог» олимпиадасында 2 дәрежелі дипломмен марапатталды. 2020 жылы Республикалық көркем еңбек пәні олимпиадасында І орынға ие болды. Республикалық педагогикалық, ғылыми- әдістемелік «Қазақстан мектебі»журналы бас редакторының құрмет грамотасымен марапатталды. Облыстық «Көркем еңбек» пәні мұғалімдері арасында өткен «Үздік туындылар» облыстық шығармашылық байқауына қатысып, «Алтын тұмар-2» жинағына жұмыстары енген. Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы мен емдеу-сауықтыру орталығына жолдамаға ие болды.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі