КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Жазатайым оқиғалардың алдын алу және бүкіл әлемдегі жұмыс орындарындағы өндірістік жағдайлардың ықтималдығын азайту мақсатында атап өтілетін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасы — еңбек саласындағы негізгі қағида және құқық» тақырыбында семинар өтті. Шараға бастауыш кәсіподақ төрағалары, техникалық еңбек инспекторлары мен кадр қызметкерлері қатысты.
Оқыс оқиға кез-келген жерде орын алуы ықтимал. Ешкім сақтандырылмаған. Еңбек қауіпсіздігін сақтамаудың салдары тым ауыр. Бір қарағанда қауіпсіз орта саналғанымен, білім саласында да жазатайым жағдайлар кездеседі.
Семинарда салалық білім кәсіподағының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев пен еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау жөніндегі маман Нұрлан Жетпісбай жазатайым оқиғалардың ауырлығына байланысты қандай іс-әрекет жасалуы тиіс, қандай құзырлы органдарға хабарлануы қажет, өндірістік оқиғалардың алдын алу үшін не істеу қажет деген сұрақтарға тоқталды. Одан өзге еңбек қатынастарына байланысты мәселелерге заң аясында түсінік берді. Қатысушылар тарапынан еңбек демалысына ақы төлеу, зейнет жасына жеткен жұмыскерлермен еңбек шартын бұзу тәртібі, келісім комиссиясы мен әдеп кеңесінің жұмысы туралы сауалдар қойылып, нақты жауаптар берілді.
Айта кетейік, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы ретте кәсіподақ мүшелерінің өмір сүру деңгейін жақсарту, еңбек қауіпсіздігі мен лайықты жалақыны қамтамасыз ету, әлеуметтік серіктестікті нығайты сияқты мәселелер жіті назарда.
-
Фотографии
-