ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ – ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ АЛАҢЫ
БҚО кәсіподақ ұйымының Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясының жоспарына сәйкес, аудандық және облыстық білім беру мекемелерінің кәсіподақ төрағалары мен кеңес мүшелерінің қатысуымен «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту және әлеуметтендірудегі еңбекші әйелдердің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелді өткізудің мақсаты – Кәсіподақтың Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссияның бастамасымен білім беру саласындағы педагог мамандардың ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту, тәрбиелеу, дамыту және әлеуметтік бейімдеуді педагогикалық қолдау моделін қалыптастыру бойынша тәжірибе алмасу.
Бағдарламаға сәйкес, Қазақстандық оқу – ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы Марат Даупаев, «облыстық кәсіподақ құрамындағы білім басқармасына қарасты – көру, есту және зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы облыстық мектеп – интернаттарында жұмыс жасайтын педагог-мамандардың қатысуымен, осы шараны ұйымдастыру арқылы Еңбекші әйелдер қауымының еңбегіне де, ерекше көңіл бөлуді жөн көрдік» деп, алғы сөзімен бастады.
Дөңгелек үстеліміздің қонағы, БҚО білім басқармасының инклюзивті, арнаулы білім беру және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Шынар Бауетдинова «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білім алу мүмкіндігін жүзеге асыру» тақырыбында баяндама жасады.
Жұмыс барысында педагог мамандар өз ойлары мен пікірлерін ортаға салып, тәжірибе алмасты. Модератор Жаннат Нұрахметова және Еңбекші әйелдер істері жөніндегі БҚО оқу – ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіптік одағының комиссия төрайымы Гулбарам Жалекенова дөңгелек үстелді қорытындылап, облыстық кәсіподақ тарапынан кәсіподақ саласындағы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан кеңес мүшелері марапатталып, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.
Дөңгелек үстелдің екінші бөлімі, Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясының жоспарлы алдағы іс – шараларын талқылау мәселесі туралы басқосумен жалғасты.
БҚО кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-