ҮЛГІЛІ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕС
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық селосында орналасқан «Облыстық санаторлық мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2014 жылы ашылып, Майя Маратқызы мектеп басшысы болып тағайындалды. Білімді, ізденімпаз, теориялық білімін жұмыс барысында орынды қолдана білетін білікті басшы Майя Маратқызы әрдайым өзінің білімін жетілдіру мақсатында Қазақстанның және шет елдердің жаңа әдістемелік әдебиеттерін оқып, білім жетілдіру курстарына қатысады. Республикалық және халықаралық конференцияларда, облыстық дәстүрлі тамыз маслихаттарында облыс деңгейінде әріптестерімен іс-тәжірибе бөлісу мақсатында ашық сабақтар, фрагменттер көрсетіп келеді.
Майя Маратқызы білім ордасындағы балалардың бос уақытын тиімді өткізуге көп көңіл бөледі. Мектеп-интернатында 18 үйірме жұмыс істейді: «Шебер қолдар», «Қолөнер», «Жас әнші», «Футбол», «Дойбы», «Тоғызқұмалақ», «Бассейн», «Би», «Тамақтану мәдениеті», «Қылқалам шебері», «Бейнелеу өнері», «Мейірімді жүректер», «Жылдам оқу», «Жас көшбасшылар», «Мәнерлеп оқу», «Менің әлемім», «Табиғат сыры», «Ас әлемі».
Мектепке дейінгі топтың 15 бүлдіршіні «Үміт» облыстық шығармашылық фестиваліне қатысып, көрермендерді «Көңілді аспаптар» әнімен, «Қазақ батырлары» биімен тәнті етті.
2016 жылдың желтоқсан айында мектепке дейінгі топта әдістемелік тәжірибе алмасу мақсатында М.Монтессоридің «Тәй-тәй» бағдарламасы аясында облыстық семинар өткізіліп, ашық сабақтар көрсетіліп, «жоғары деңгейде» деп бағаланды.
Шарипова Майя Маратқызы басқаратын ұжым ұйымшыл. Білікті басшы қызметкерлердің мүддесін танытушы кәсіподақ ұйымымен сындарлы ынтымақтастық орнатуды жоғары деңгейде жолға қойып отыр. Үлгілі әлеуметтік әріптесті Салалық кәсіподақтың Маңғыстау облыстық ұйымының төрағасы Баймбетова Тарбия Анайбековна мерей жасымен құттықтап, Алғыс хатпен марапаттап, «Інжу» шипажайына сертификат табыстады.
А.Жетіс,
Маңғыстау облыстық санаторлық мектеп-интернатының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.