ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Жайық» мәдени-спорт кешенінде Атырау «Білім-Инновация» лицейінің 30 жылдық мерейтойына орай салтанатты жиын өтті.
Бүгінгі күні лицейдің бастауыш кәсіподақ ұйымында 95 мүшесі есепте тұрады. Олардың арасында 30-ға жуық жоғары санатты мұғалім еңбек етуде. Білім ордасында 8–педагог-модератор, 5 – педагог-сарапшы, 3 – педагог-зерттеуші, 3 – педагог-шебер жұмыс жасайды. Олар бакалавр, магистр. Үшеуі – «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», үшеуі – «Үздік-педагог».
Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернаты – 1993 жылдан бері жас ұрпаққа бәсекеге қабілетті заманауи білім беруді, жеке тұлғаның мүмкіндіктерін сан қырынан жан-жақты ашуды, интеллектуалды қабілетін дамытуды мақсат тұтқан білім ордасы. Лицей инновациялық жобалар мен білім саласындағы жаңалықтарды үнемі білім беру жүйесіне енгізіп келеді. Бүгінгі таңда лицейде 294 шәкірт білім алып, тәрбиеленуде. 1997 – 2022 жылдар аралығында 86 түлек «Алтын белгі» төсбелгісімен марапатталып, 175-і үздік аттестатқа ие болды. Осы жылдар аралығында лицейді 1439 түлек бітіріп, 524-і грант иегері атанып, 189-ы шет мемлекеттердің әлемге танымал университеттеріне оқуға қабылданды. Облыстық, республикалық, халықаралық білім олимпиадалары мен ғылыми жобаларда лицей түлектері 387 алтын, 589 күміс, 446 қола алқаны иеленді. Жыл сайын лицейдің құрамасы жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың III кезенінің қорытындысы бойынша «Ең үздік олимпиада командасы» аталымымен және I дәрежелі дипломымен марапатталды.
2020 – 2021 және 2022 – 2023 оқу жылдары жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың қорытындысында лицей «Үздік олимпиадалық мектеп» атағын еншіледі. Лицей шәкірттерінің осындай үлкен жетістістіктерге жетуі ұжымдағы 100 пайыз кәсіподақ мүшесі болып табылатын педагогикалық-қызметкерлердің шығармашылыққа толы еңбектерінің нәтижесі деп түсіну шарт.
Салтанатты жиында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы құттықтау сөз сөйлеп, Орталық Комитеттің төрағасы Айгүл Мұқашеваның атынан білім беру жүйесінде ұзақ жылдар бойы адал еңбегі мен ұстаздық міндетін абыроймен атқарып, ұлтымыздың болашағы – жастарға тәрбие мен сапалы білім беру берудегі жетістіктері және қоғамдық өмірге белсене қатысқаны үшін бір топ кәсіподақ мүшелеріне республикалық ұйымның Құрмет грамоталары мен төсбелгілерін табыс етті.
Республикалық салалық кәсіподақтардың басылымы «Ұстаздық еңбек» газетінің кезекті саны ұжымның мерей тойына арналды.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі, баспасөз қызметі
-
Фотографии
-