ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ БІЛІМ ШАҢЫРАҒЫНА-100 ЖЫЛ
Білім шыңының қарашаңырағы, тағылым мен тәрбие мектебі саналатын Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжіне-100 жыл. Қойнауында талай тарихты бүгіп жатқан білім ордасы осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірттің жүрегіне нұр құйып,үлкен өмірге жолдама ұстатты. Бір ғасырда колледжден жас ұрпақты білім мен тәрбиенің кәусар бұлағымен сусындатқан ұлағатты ұстаздар да, білімі теңіз ғалымдар да, жұлдызы биік өнер майталмандары да, қоғам қайраткерлері де, яғни елдің біртуар талай азаматтары түлеп ұшқан. Бүгінде республикамызға танымал іргелі білім ордасында 150-ден астам мұғалім жұмыс істейді. Мектепке дейінгі тәрбие, Бастауыш білім беру, мәдениет және саз, математика және ақпараттық жүйелер, әдебиет және тілдер бөлімдері еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлайды.
Оқу орнының 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова қатысып, колледж ұжымын құттықтады.
“Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі бүгінгі күні тәуелсіз еліміздің педагогикалық оқу орындарының арасында нық орны бар білім ордасы болып саналады. Жүз жылдық тағылымды тарихы бар колледж қазіргі таңда өңірде педагог кадрларды даярлау бойынша алдыңғы қатарлы жоғары білім ордасына айналып отыр. Жүз жыл ішінде үздіксіз, жүйелі даму арқылы отандық білім мен ғылымның қарашаңырағы ретінде танылған білім ұясы еліміздің білім беру жүйесін дамытуда қосқан үлесі өлшеусіз. Тәуелсіз еліміздің интеллектуалды әлеуетін арттыруда атқарып жатқан елеулі еңбектеріңіз табысты болсын,-деді өз тілегінде Р. Серікқызы.
Салалық білім кәсіподағының төрағасы сондай-ақ, колледждің қарыштап дамуына, болашақ педагог кадрларды дайындауға сүбелі үлес қосқан ұстаздарға марапаттар тапсырды. Атап айтсақ, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін және еңбек құқықтарын қорғауда сіңірген көп жылдық нәтижелі еңбектері үшін әлеуметтік әріптестер, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің директоры Жанар Алишева мен білім ұясына басшылық еткен білікті педагог, бүгінде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің директоры Ералы Нұрғалиевке «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталды. Колледждің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Райгүл Булебаева «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына айрықша сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бір топ кәсіподақ мүшесіне облыстық кәсіподақ есебінен «Айша бибі» және “Денсаулық” шипажайларына жолдама тарту етілді.