ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Бала жанының бағбанына айналып, білімнің шырағын жағып жүретін ұстаздардың орны әрқашан бөлек. Мектеп табалдырығын аттаған әр баланы бауырына басып, аналық мейірімін төгіп, жарқын болашаққа жетелеуде жарық шамды қолына ұстататын ұлы тұлға. Кемел келешектің кірпішін қалауға негіз болып, бағытын бағдарлап беретін кемеңгер десек те артық айтқандық емес.
Өйткені, мықты ұстаз қай уақытта да өзінің қабілетті екенін аңғартып, тәжірибелі маман екенін дәлелдей алады. Алға ауданының мерейін үстем етіп жүрген ұстаздың бірі Қарабұлақ мектеп-балабақшасының Бастауыш сынып мұғалімі және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нугиметова Майра Шойынбайқызы білім ошағында әркез байсалды қалпымен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде марапат мінберінен көрініп келеді.
Өз жұмысын ерекше жақсы көретін, әр баланың пәнге деген қызығушылығын оята білетін, ұстаз ұғымына шаң жуытпаған Майра Нугуметованың білім саласындағы жарқын жолына тоқталып өтелік. Ол 1966 жылы 7 мамырда киелі Байғанин өңірінің Жарқамыс ауылында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң Орал қаласындағы Орал педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1986 жылы үлгілі дәрежеде бітіреді. Еңбек жолын Байғанин ауданының Баршақұм ауылының кішкентай мектебінен бастаған.
Ісіне мығым маман түрлі байқауларда бақ сынап, белсенділік танытуда белсене білек сыбанып кіріскенді жөн көреді. Білім бағытындағы бағдары айқын болғаннан кейін де шыққан белесі биік. Соңғы жылдағы жетістіктері сөзіміздің айғағы десек те болады. Ол «Дарынды балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау ерекшеліктері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға және «Қашықтықтан оқыту салдарынан оқушылардың білім деңгейін көтеру және мотивациялау амалдары» семинарға қатысып, кәсіби шеберлік көрсеткені үшін марапатталды. Сонымен қатар «Дарынды бала – ұлт болашағы» тақырыбындағы Халықаралық Педагогикалық Ғылымдар Академиясы басылымына жұмыстары жарияланса, «Зерде» республикалық ғылыми жобасына қатысып, жүлделі орындармен жеңіс тұғырынан көрінді.
Өзі оқытатын пәнді терең түсініп, зерттеп-зерделей алғанда ғана шәкірттің шеберлігін шыңдай алатыны сөзсіз. Осы орайда, білімнің қара шаңырағында 40 жыл еңбек етіп, оқушыға білім беруде олқылық жібермей, пәнге бейімділігін арттырып жүрген педагогтың жеткен жетістігі жетерлік. Майра Шойынбайқызының алдынан шыққан мыңдаған оқушылары еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде. Оқушылары аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі олимпиада, әртүрлі сайыстарға қатысып, түрлі марапаттарға ие болды. Сондай-ақ, әрбір шәкіртін өз баласындай көріп, жанына жақын тартып, тынымсыз еңбегі мен ізденісінің нәтижесінде республикалық байқауларда Алғыс хаттармен, дипломдармен марапатталып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
– Жалпы, қазіргі уақытта ұстаз еңбегінің шәкірттер жетістігімен өлшенетіні белгілі. Төккен терім босқа кетпегені көпшілікке мәлім. Сондықтан алдағы уақытта да шығармашылық ізденісімді дамыта отырып, шәкірттерімнің білім шыңынан көруіме күш саламын,- деген Майра Нугуметова қызметіне адал екенін аңғартты. Білім шаңырағында шаш етектен болған шаруаның басын қайырып, мектеп пен оқушы мәселесіне бейқам қарамайтын басшы, ұстаз қоғамдық ортада да беделге ие. Шәкіртке ұлағатты ұстаз болып жүрген жанның өнегелі ісі мен аяулы бейнесі талайды тәнті ететіні анық.