ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз болашақтың алтын көпірі, тірегі мен жүрегі екені алашқа аян. Ұрпақтың ұлы болуы, заман талабымен білім арнасына қосылып, өмір белесін бағындыруы тікелей ұлағатты ұстазбен ұштасып сабақтасатыны хақ. Ұстаз ғалымның да, батырдың да, ақынның да білімін үйрететін, төзімін түлететін адал жан десек, осындай шабытты шәкірттерінің санасын шарықтатып жүрген ұстаздардың бірі – Шалқар аудандық көркемсурет лицейінің кескіндеме және мүсін пәнінің мұғалімі Есмурзаева Мира Бақытжанқызы.
Ол 1999 жылы Абай атындағы гуманитарлық колледжінің «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныбында оқыту» мамандығын тәмамдап, 2000 жылы жас маман ретінде педогикалық шеберлік пен педогикалық өнерді ұштастыру мақсатында Шалқар аудандық көркемсурет лицейінде еңбек жолын бастады. Еңбек жолында ашық мінезінің арқасында, айналадағы адамдармен тез тіл табысып, жас маманнан кәсіби шебер деңгейіне жете білді. Өз білімін шыңдау жолында 2019 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша бакалавры дәрежесін алды.
Аталған мекемеде 23 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан педагог-зерттеуші санатындағы тәжірибелі ұстаз. Мира Бақытжанқызы жаңашылдық үрдісі қарқын алған шақта, заман талабына сай сырлы бояу арқылы шәкірттерінің жүрегіне сурет арқылы жол таба біліп әр сабағын шығармашылық ізденіспен, қосымша материалдар мен түрлі әдіс-тәсілдерді ұштастырып өткізеді. Көп ізденіс үстінде жүйелі еңбектеніп жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осындай тәжірбиелі ұстаз өзінің білгенің оқушы бойына сіңіре бірнеше түлектерге диплом қорғатып, лицей табалдырығын жақсы нәтижемен бітіртіп, қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ізденісі мен шығармашылықты серік еткенінің арқасында оқытушы еңбегі қашанда елеулі. Ақтөбе облысының білім беру саласындағы тынымсыз шығармашылық еңбегі үшін 2018 жылы облыстық кәсіподақ төрайымының Құрмет грамотасы; 2018 жылы «Жұлдыздар шеруі» атты облыстық байқауда шығармашылық өнерімен көзге түскені үшін ІІ дәрежелі диплом; 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік шежіресі» байқауының дипломы, 2019 жылы Ақтөбе облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасы»; 2019 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік тұғырым» байқауының дипломы; 2020 жылы «Цифрлық ғасыр ұстазы» тақырыбындағы облыстық байқаудан «Үздік шеберлік сағаты» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі диплом; 2022 жылы Қазақстандық оқу-ағарту ғылыми және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Құрмет грамотасы» және тағы да сол сияқты елеулі жетістіктері жетерлік. Сонымен қатар, оқушылары да облыстық, республикалық байқауларда алдыңғы қатардан көрініп жүр.
Есмурзаева Мира Бақытжанқызы – шығармашылық өнермен қатар ұрпақ тәрбиесіне аса мән береді. Педагогикалық еңбек жолындағы оның сезімталдығы мен парасаттылығы, турашылдығы мен шыншылдығы, кәсіби біліктілігі мен терең білімпаздығы, адами қасиеттерінің биіктігі өз шәкірттері мен әріптестері арасында үлкен абыройға жетті. Оқушыларға мол тәжірибесін үйретуден жалықпайтын ұстаздың талабы да зор.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұстазға жүктелер жауапкершіліктің маңызы бұрынғыдан да арта түскен мезгілде ұлттың келешегіне қызмет етер жас ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім беру екенін айқын аңғара білер Мира Бақытжанқызы нағыз өнегелі, өресі биік, өрісі кең, мінезінен мейірім шуағы есетін ұстаз ретінде шәкірттерінің құрметтісі екендігі даусыз.
Бұл қасиеттер оның педагогтік, ұстаздық құдіретінің негізі бола білді десек те артық әңгіме бола қоймас. Ұжымдағы әріптестерін сыйлай да, сыйлата да білетін білікті маманның шығармашылық шыңын бағындыра беруіне тілектестігімізді білдіреміз.