ЕҢСЕСІ БИІК ЕҢБЕК АДАМЫ
Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі - ғибрат. Біз сөз еткелі отырған адам Маушанов Дархан Бақытқанұлы дәл осындай азамат. Адал еңбекті ту еткен ол қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасы Ұлан ауданы бойынша білім бөлімінің «Герасимовка орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директоры лауазымын атқарып келеді.
2012 жылдан өзі басқарып келе жатқан Герасимовка орта мектебінің ұжымымен өзінің дархан мінезімен тез тіл табысып, мектеп абыройын асқақтатып келе жатыр.
Негізгі мамандығы музыка пәнінің мұғалімі болғандықтан, өнерден де кенде емес. Әр мереке сайын мектепішілік немесе ауылда өткізілетін іс шараның бәрінде ән шырқап кештің ажарын кіргізеді. Алдында отырған оқушыларын да өнерге бейімдеп, өз білгенін шәкірттерінің бойына дарыта біледі және де сол оқушыларының жеткен жетістіктері де аз емес: Халықаралық конкурс-фестиваль «Премия нового формата 2020-2021», Халықаралық көпжанрлық конкурс – фестиваль «Nur-Alem» жүлделі 1 орындарға ие болды.
Басшы ретінде өзінің алдына қойған мақсаттарына шығармашыл бағытта жетуге тырысып, мектеп жұмысын ұйымдастыруда командалық жұмысқа басты назар аударады. Ұжымды тиімді басқару ісін ең алдымен, адамтанудан бастап, адамның күрделі және қызықты, рухани жан-дүниесіне үңіле білу. Басқарушылық шеберлік пен басқарушылық өнер – даналықты жүрекпен ұға білу артық айтқандық болмас.
Адал адамның, іскер маманның мойнына жауапкершілік жүгі молырақ артылады. Сол себепті оқу жылының басында Дархан Бакытканович мектептің материалдық-шаруашылық қамтылуына басты назар аударады. Дархан Бакыткановичтың жүйелі басқаруымен мектепте оқу кабинеттері жеткілікті, сыныптар бұйымдармен жабдықталған, оның ішінде заманауи талаптарына сай кабинеттердің саны жыл сайын артып келеді. Жаңа модификациялы «Физика», «Биология», «Химия» кабинеттері толық жаңаланып, оқу үрдісіне кіріктірілген. Мектептің материалдық базасын дамыту жұмыстары жалғасын табуда.
Сонымен қатар, «Парыз» қоғамдық ұйымның демеуімен «Робототехника» кабинеті жабдықталып, ашылды; мектептің іші мен сыртқы жағына цифрлық бейнекамералар орнатылып, сақтық шаралары күшейтілді. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, шатыр ауыстырылды; модульдік дәретхана орнатылды; компьютерлік сынып жаңа компьютерлермен жабдықталды. Мұғалімдерге өздерінің кәсіби мүмкіндіктерін атқару үшін оларға нәтижелі жұмыс істеуге жағдай жасай отырып,үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық жасай біледі.
«Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп тірлік жасайды. Күш - жігерін, тәжірибесін, өнерін қай салада да аямайды. Атап айтсақ Дархан Бакытканович мықты басшы, білімді ұстаз ғана емес, сонымен қатар спортшы деп айтсақ артық кеткендік емес. Жыл сайын өткізіліп тұратын аудандық мұғалімдер спартакиадасында команда құрамында қатысып, үнемі жүлделі орындарды иеленіп келеді. Волейбол, теннис ойындарын өте жоғары дәрежеде ойнайды.
Дархан Бақытқанұлы – шәкірттері мен әріптестері арасында сыйлы да қарапайым, салмақты, ізденуден, үйренуден бірде – бір жалықпайтын «таланты өсіретін – талап» екенін бір бойынан көруге болатын адам.
Білім беру ұйымының басшысы ретінде - білім беру саласындағы жақсы жетістіктері үшін және жас ұрпақты тәрбиелеудегі парасатты да абыройлы еңбегі және жұмысындағы шығармашылық педагогикалық қызметі мен атқарған еңбегі мен жетістіктері үшін мадақтамалар мен алғыс хаттарға ие болды.
Дархан Бақытқанұлы даналықтың, даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, өзіне мұрат еткен ісін абыроймен атқарып келеді. Адам өмірінде өзіне ыңғайлы, өзі қызығатын, қолынан келетін істі істесе еңбегінің жанғаны емес пе!?