ӘЙТЕКЕ БИ АУДАНЫНЫҢ ҰСТАЗДАРЫ САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА
Кәсіподақ ұйымы ұстаздардың құқығын қорғау, еңбек қатынастарын реттеумен шектелмейді. Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайтуға да ерекше көңіл бөледі.
Игі үрдіс бойынша жыл сайын Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы педагогтарды емдеу-сауықтыру шараларымен қамтиды. Жыл бойы білім саласының дамуына өз үлесін қосқан, түрлі байқаулар мен спорттық додаларда жеңіске жеткен 70-тен астам Әйтеке би ауданының ұстаздары жазғы демалыстарын тиімді өткізуде.
Жуырда Әйтеке би ауданының кәсіподақ мүшелері "Сарыағаш", "Шипагер", "Бурабай" шипажайларында демалып келді.
Профилактикалық шипажайларда олар тыныс алу жүйесі, жүрек, қан-тамыр, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі секілді бірнеше емдер қабылдады. Сонымен бірге, күнделікті ұйымдастырылатын түрлі мәдени-көпшілік және сауықтыру шарасына қатысты.
«Біздің жазғы демалысымыздың тиімді өтуі - барлық күш-жігерін ұрпақ тәрбиесіне, ұлт болашағына арнаған ұстаздар қауымына көрсетілген құрмет деп білеміз. Жанға жайлы демалыс сыйлаған кәсіподаққа алғысымыз шексіз!»,- дейді демалушылар.
Алдағы уақытта қалған аудан ұстаздары "Мерке" , "Сосновый бор" шипажайларына баруға мүмкіндік алып отыр. Мұнда олар тұз шахтасы, родон ваннасы, фитотерапия, емдік массаж тағы да басқа көптеген процедураларды қабылдап, денсаулықтарын нығайтпақ.
Ұстаздарымыз жаңа оқу жылын тың күшпен, жақсы көңіл-күймен бастайды деген сенімдеміз.
-
Фотографии
-