ҰСТАЗДАР ШИПАЖАЙЛАРДА ДЕМАЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы білім саласында еселі еңбек еткен Темір ауданының ұстаздарын сауықтыру орталықтарымен қамтамасыз етті. Бұл саналы өмірін бала тәрбиесіне арнаған ұстаздарға көрсетілген үлкен құрмет болатын.
Басты мақсат - сала қызметкерлерінің денсаулығын нығайту, демалысын тиімді ұйымдастыру және шипажай орындарымен таныстыру.
2022-2023 оқу жылының жазғы демалысында Темір ауданы бойынша 130-ға жуық педагог емдеу-сауықтыру шараларымен қамтылды. Қазіргі таңда Сарыағаш қаласындағы «Айша бибі» шипажайында 50 кәсіподақ мүшесі демалса, Алға ауданындағы «Шипагер» емдеу-сауықтыру орталығында 5 кәсіподақ мүшесі демалып келді. Сондай-ақ, шәкірт тәрбиелеу ісінде талмай еңбек еткен жас ұстаздарымыздың қажырлы еңбектері еленіп, Түркістан қаласына туристік саяхатқа жолдама берілді. Ал, кей ұстаздар Алматы қаласындағы және Жамбыл облысындағы шипажайларда демалуға мүмкіндік алды.
Мұнда ұстаздар дәрігерлердің тағайындауымен әртүрлі емдік процедураларды қабылдап, бос уақыттарын тиімді өткізді.
Айта кетейік, шипажайларда асқазан-ішек ауруының, созылмалы өт жолдары сырқаттары, өт қалтасы мен өт жолдарына тас байланғанда, созылмалы колит, энтероколит сияқты аурулардың бірнеше түрлерін сауықтырады. Сонымен қатар шипажайда олар емдік ванналар қабылдап, массаж және ингаляциялық емдеу, буын ауруларының алдын алуға арналған кешенді ем алды. Сондай-ақ, емдік-сауықтыру терапиясынан өтіп, бассейн мен саунаға түседі.
Қорыта келгенде, бес арыстан бастап, ел басқарған шенеуніктерге дейін ұстаз деген ұлы жаннан білім алған. Сондықтан осы ұлы жолмен жүріп келе жатқан ұстаз қауымының мәртебесі қашанда биік болуы шарт. Бұл ретте кәсіподақ ұйымы ұстаздардың жасаған еңбегіне, парасатты сара жолына алғыс айтып, құрметтеуден еш айныған емес.
Кәсіподақ мүшелерін қолдаудағы игі істер әлі де жалғасын таба беретіні сөзсіз...