КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ МҮДДЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА
Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, білім беру саласына қатысты оң өзгерістерге белсенді түрде қатысып келе жатқан қоғамдық күш – кәсіподақ. Қарапайым еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың атқарар жүгі көп.
Кәсіподақ ұйымдарының мақсаты – мұғалімдер мен жұмысшы қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайларының жақсаруына, құқығының қорғалуына әркез көмек беріп, қолдау көрсету. Бұл жұмыстар облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімдері, оқу орындарының басшылары, яғни әлеуметтік әріптестермен бірге атқарылуда.
Еске салсақ, өткен жылы Ақтөбе облысының білім басқармасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі арасында 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімге қол қойылған болатын. Нәтижесінде өңір педагогтерін толғандырған мәселелер кәсіподақ дейгейінде оң шешімін тауып келеді. Ұстаздар уақытылы жалақысын алып, көптеген әлеуметтік кепілдіктерге ие болып отыр. Мысалы, білім мекемелерінің матариалдық базасының нығаюы, кадрлық құрамның сапасының артуы, еңбек заңдылықтарына сәйкес жұмыспен қамту, жұмыстан босату, жеңілдіктер, қосымша ақы беру сұрақтарында кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері сақталады. Қабылданған ұжымдық шарттар мен екіжақты келісімдерде кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көмектер мен шипажайларға жеңілдіктермен жолдамалар беру көзделген.
Аймақтың ұстаздар қауымын біріктіріп отырған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі бұл шараны кең көлемде жүзеге асырып келеді. Ұстаздар қауымының құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, әлеуметтік-мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу, жұмыс орындарындағы еңбек заңдылығының сақталуын қадағалау, еңбекті қорғау мен техника қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты шаралары да үнемі іске асырылып отырады. Бұл ретте еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес.
Аймақта өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде талмай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздарымыз аз емес. Облыстық кәсіподақ әр оқу жылының күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникулы уақытында сала үздіктерін марапаттап, оларға шипажайларға тегін жолдама ұсынады. Бұл білім кәсіподағының игі дәстүріне айналған шарасы. Қоғамдық бірлестік биыл да үрдістен айныған жоқ.
Биік белестерді бағындырып, асқақ абыройға бөленген ұлағатты ұстаздардың ерен еңбектері лайықты бағаланып, тиісті марапаттардың табысталуы заңды да. Биылғы жылдың өзінде 1000-нан астам кәсіподақ мүшесі «Сарыағаш», «Айша бибі», «Шипагер», «Байқоңыр», «Ақниет», «Бурабай», «Көктерек», «Жансая», «Түркістан», «Щучинск», «Сосновый бор» сияқты еліміздің ең таңдаулы шипажайларында тынығып, тыныс алу жүйесі, асқазан-ішек жолдары, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі, урологиялық, гинекологиялық өзге де ауруларды емдеуге және алдын алуға мамандандырылған сауықтыру орталықтарында денсаулықтарын нығайтты. Ал, 2022-2023 оқу жылындағы үздік деп танылған 300-ге жуық ұстаз облыстық білім және ғылым кәсіподағы тарапынан Тараз және Алматы қалаларындағы емдеу-сауықтыру орталықтарында демалып қайтты. Бұл – мұғалімдердің мәртебесін көтерудің бір көрінісі.
Кәсіподақ мүшелерінің айтуынша, оңтүстік аймақтың таза ауасы мен суы жанға дауа, медициналық қызметкерлердің жасаған дертке шипа болған. Олар бір апта бойы Қырғыз Алатауының баурайында орналасқан өңірдің саф ауасын жұтып, киелі Түркістан, тарихы терең Тараз қалаларына, Жоңғар Алатауына, Іле Алатауына, Шарын шатқалына және тағы да басқа тарихи жерлерге саяхат жасады. Демалушылардың жас ерекшелігіне қарай би, ән кештері, спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Осындай керемет демалыстан оралған кәсіподақ мүшелері жазғы демалысты жақсы өткізгендерін айтады.
Сонымен қатар өңірдің жас педагогтері де жазғы еңбек демалыстарын қызықты өткізді. Кәсіподақ қолдауына ие болған жас мамандар Абай өңіріндегі Алакөл демалыс орталығында демалып қайтты.
Бұл істер – білім қызметкерлері үшін жүзеге асырылып жатқан шаралардың бір парасы ғана. Кәсіподақ қай уақытта да еңбек адамымен бірге. Сондықтан, кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғаудағы, еңбек заңдылықтарының орындалуын бақылаудағы жұмыстар жандандана берері сөзсіз.
"Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы" қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі
-
Фотографии
-