ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – ұлы есім. Осындай шексіз жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті, өмір бойы оқу мен ізденуді мақсат еткен ұстаздар еңбегі әрдайым мерейлі. Сондықтан да әрбір шәкірт ұстазды құрмет тұтады. Бар білімін шәкірт бойына сіңіріп, ұстаз деген атқа лайық ұстаздарымыз мол. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» болары да хақ. Ендеше, біз Сіздерді ұлағатты ұстаздардың ұлы еңбегін ұлықтауды мақсат тұтқан «Өз ісінің шебері» айдарының келесі кейіпкерімен таныс қылуға асықпыз.
Бұл ұстаз – Ақтөбе өңірінің білім саласын дамытуға 27 жыл бойы үздіксіз үлес қосып келеді. Еткен еңбегі еленіп, Алға ауданының «Үздік орыс тілі пәні мұғалімі -2020» байқауында Алғыс хатпен марапатталды. Кәсіби биіктен көрініп, шәкірт алғысына бөлену әр ұстаз үшін шынайы бақыт десек, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің дәл осы бақытқа кенеліп жүргеніне тура 27 жыл!
Таныс болыңыздар, Құрманғалиева Айгүл Сатыбалдықызы – Қайыңдысай негізгі мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, өз ісінің шебері.
Құрманғалиева Айгүл Сатыбалдықызының ұстаздық еңбек жолында қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Көптеген облыстық және республикалық сайыстардың жүлдегері атанды. Атап айтсақ, «Жаңартылған білім мазмұны аясында критериалды бағалауды енгізу ісіне қосқан елеулі үлесі үшін» Алғыс хатпен, республикалық «Білікті педагог» олимпиадасында ІІ дәрежелі дипломмен, «Эстетикалық бағыттағы пәндер сабақтарында және шығармашылық ойлау дағдыларын дамыту» тақырыбындағы семинарда Алғыс хатпен, «Білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі үшін» Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ұстаз еңбегін ұлы ететін оның өзі емес, шәкірті. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы елестетуге келмейтін сезім.
Жыл сайын бабы мен бағы келіскен бірнеше шәкірттері облыстық, республикалық білім бәйгелеріне қатысып, бақ сынайды. Олардың ішінде жүлдегер оқушылар да аз емес. Атап айтқанда, «Русский медвежонок языкознание для всех» байқауында ІІ орын, «Абай оқулары» пәндік олимпиадасының облыстық кезеңінде І орын, «Мы читаем Пушкина» сайысында ІІІ дәрежелі дипломмен, «Зерде» республикалық ғылыми жобасында жүлделі орындармен оралып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Бұл тізім айта берсем жалғаса береді. Бұдан бөлек, жыл сайын көптеген шәкірттері облыстық олимпиада мен ғылыми жоба байқауларының жүлдегерлері атанып жүр.
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау», - деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етсең, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсең де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтуға болмайды. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, өзінің білімі мен біліктілігін де арттырып отыру керек. Сондықтан да, жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті білімді және құзіретті өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындату және бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру әрбір ұстаздың миссиясы деп ойлаймын, - дейді Айгүл Құрманғалиева.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» десек, шәкіртке зерделі білім мен парасатты тәрбие беріп жүрген Құрманғалиева Айгүл Сатыбалдықызының еңбегі көпке үлгі.
Ақтөбе облыстық ұйымы