«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» ЖАЛҒАСУДА
Жаңа оқу жылы қарсаңында «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көп балалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, әлеуметтік көмек көрсету болып табылады.
«Жақсылықты жаса» ұранымен басталған республикалық акциясы аясында 15 кәсіподақ мүшесінің баласы қамтылды.
Дәстүрге айналған шара барысында облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанын айтып, жыл сайын өткізіліп жүрген қайырымдылық акциясының маңыздылығына тоқталып, аталған шараға Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы да қолдау танытқанын айтып, оқушыларға жылы лебізін білдірді.
«Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің демеуімен 5 бала қажетті заттарын алды. Облыстық ұйымның есебінен 10 бала мектепке толық дайындалды. Бұл шара бұнымен тоқтамайды. Елдің ертеңі осы бүлдіршіндер. Балалық шақтарын алаңсыз өткізуге барлығымыз атсалысуымыз қажет. Ал, оқушылар сабақтарыңызды жақсы оқып, еліне қызмет ететін азамат болуларыңызға тілектеспін»-деді, Мэлс Құлмұханұлы өз сөзінде.
Алдын-ала тізім жинақталып, алынған құрал-жабдықтар ретімен оқушыларға табысталды. Ата-аналар шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және
жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі