ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
Биыл білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі 24-25 тамыз күндері «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбымен Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмалары аясында білім саласындағы өзекті 20 тақырыптық бағытта өтті. Жамбыл облысында «Білім саласындағы бақылау және бағалау» тақырыбымен панельдік секция отырыстары ұйымдастырылды. Секция отырыстарына еліміздің әр аймағынан 150-ге жуық білім саласының қызметкерлері (өңірлердегі білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшылары, білім басқармаларының қызметкерлері, педагогтер, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері) қатысты.
Тараз қаласындағы Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының базасында өткен панельдік секция отырыстары 5 бағыт бойынша өтті. Мұнан соң білім саласы қызметкерлерінің облыстық кеңесі өтіп, оған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова, ҚР Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы Исатай Сағындықов, ҚР Сенат және мәжіліс депутаттары, облыстық мәслихат депутаттары, кәсіподақ өкілдері, білім бөлімдерінің басшылары, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтар қатысты.
Өткен оқу жылындағы білім саласының жетістіктері мен алдағы оқу жылына жоспар-міндеттер айқындалған соң, бірқатар сала қызметкерлері облыстың білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Ал «Орта білім беретін үздік ұйым-2023» грантының иегері ретінде Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 гимназиясына 48 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды. Сондай-ақ, 10 білім беру ұйымы түрлі номинациялармен марапатталып, ақшалай (500 мың, 1 млн.теңгеден) сертификаттарға ие болды. Бұдан бөлек, бірқатар педагогтерге Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» медалі және Құрмет дипломдары табысталды.
Тамыздың 25 күні К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында республикалық бірыңғай пленарлық сессия өтті. Ресми шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылды. «Білім саласындағы бақылау және бағалау» тақырыбын негіз еткен өңіріміздегі пленарлық сессия облыс әкімі Нұржан Молдиярұлының сөзімен бастау алды. Облыс әкімі алдымен білім саласының жай-күйіне тоқталып, өткен оқу жылындағы облыс оқушыларының жетістіктерін ерекше атап өтіп, спикерлерге сөз берді.
Спикерлер - Майра Мелдебекова, ҚР ОАМ Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары; Арнольд Дж.Бауэр, Голландиялық сараптама және сертификаттау ғылыми орталығының директоры; Руслан Емелбаев, Ұлттық тестілеу орталығының директоры; Кулзада Құдайбергенева, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы; Әсет Дюсенбаев, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті; Айдана Шілібекова, НЗМ дербес білім беру ұйымы басқарма төрағасының орынбасары; Арман Орынбеков, Шымкент қаласы дарынды балаларға арналған №90 мектептің директоры тәжірибелерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды.