ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: БІЛІМ. БАҒЫТ. БОЛАШАҚ
Ақтөбе қаласында «Ауыл мектебін дамыту» тақырыбында облыс педагогтерінің жыл сайынғы дәстүрлі тамыз кеңесі өткізілді. Өнер мектебінің орталық дәлізінде келушілерге облыстың білім жүйесі жетістіктерінен көрме ұсынылды. Онда дарынды оқушылардың жобалары қойылған.
Шараға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Айгүл Мұқашева, “Өрлеу” БАҰО АҚ” басқарма төрғасының орынбасары Сауле Өмірбекова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Орта білім беру институты директорының орынбасары Салтанат Жұмабаева, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген ұстазы Күләш Шәмшадинова, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев, “Bilim Media Group” компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы және облыс әкімдігінің өкілдері, депутаттар, аудандар мен қала әкімдері, әкімдердің орынбасарлары, басқарма басшылары, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, мектеп басшылары, білім саласының ардагерлері қатысты.
Пленарлық сессияның ресми бөлімінде алдымен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев баяндама жасады. Онда ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық тамыз кеңесінде берген тапсырмалары, жаңа оқу жылының ерекшеліктері туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
Бұдан соң Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының құттықтау сөзін жеткізді.
Жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов сөз алып, педагогтерді жаңа оқу жылымен құттықтады. Сондай-ақ, өңір басшысы ел Президенті жүктеген бірқатар мәселелер туралы сөз қозғап, аудан әкімдеріне, білім саласының басшыларына бірнеше мәселелерді шешуді нықтап тапсырды.
Панельдік сессияда Ақтөбе облысында ауыл мектептерінің әлеуетін көтеру шаралары, ауыл мектебінің стратегиясын көтеру, ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру мәселелері және тағы да басқа келелі мәселелер сөз болды.
Басқосу соңында жүзден жүйрік мектептер анықталып, мыңнан тұлпар ұстаздарға құрмет көрсетілді.
Алдынғы-кейінгі буын өкілдері бас қосқан шараның соңы естелік суретке түсу рәсіміне ұласты.