ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: САПАЛЫ БІЛІМ БАСЫМ БАҒЫТТА
Жаңа оқу жылының алдындағы дәстүрлі бас қосу биыл өз жалғасын тапты. Батыс Қазақстан облыстық маслихатының үлкен мәжіліс залында жыл қорытындысы мен алдағы міндеттерге арналған «Әділетті Қазақстан: Сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбындағы кеңейтілген кеңеске Батыс Қазақстан облыстық оқу – ағарту, ғылым және жоғары білім қыметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев қатысты.
Отырысқа Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстан Республикасы Оқу - ағарту министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев қатысып, Батыс Қазақстан облысы республика бойынша білім сапасы жағынан алдыңғы қатарлы облыстардың бірі екенін атап өтті.
Облыстың білім беру ұйымдарында жұмыс жасайтын 15104 педагогтың, 12731 немесе 84,2% – жоғары білімді, оның ішінде магистр дәрежесі бар – 478 немесе 3,16%. Облыс бойынша жаңа форматта аттестаттаудан өткен педагог саны – 10245 немесе 67,8%. Мұғалімдерге қажеттілік – 94 мұғалім, оның ішінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қазақ мектебінде, математика, бастауыш сынып мұғалімі және тәрбиеші орыс тілінде, педагог-психолог, логопед, дефектолог мамандықтары басымдыққа ие, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева өз баяндамасында.
Жыл сайын білім беру ұйымдары мен педагогтарының кәсіби жетістіктері мен дамытуға қосқан үлестері үшін марапаттау рәсімінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы Қаратөбе ауданының Қажым Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп – гиназиясына Диплом мен 48 миллион теңгенің сертификатын табыс етіп, педагогтерді облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Оқу - ағарту министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мұғалімдерді «Еңбек ардагері» медалі, Қазақстан Республикасы Оқу – ағарту министрлігінің Алғыс хатымен, «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломымен, «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломымен марапаттады.
Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облыстық оқу – ағарту, ғылым және жоғары білім қыметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев «Табысты көшбасшы», «Үздік ауыл мектебі – ел тірегі», «Педагогикалық тандем» номнациялары бойынша кәсіподақ мүшелерінің марапаттарын табыстады.
Кеңес соңында, Bilim Media Group ЖШС «Жаңашыл мұғалім» байқауының және «Leader TopIQ» республикалық байқауының жеңімпаздарына сертификаттар табысталды.
-
Фотографии
-