БӨКЕЙ ОРДАСЫНДА БІЛІМ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТ
Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті. Бұл шараға аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұржан Сариев және ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері қатысты.
Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:
- Қазіргі таңда білім саласы өркениет көшінің бастауына айналып, жүйеде жасалып жатқан жаңаша өзгерістер, саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар – әлемдік өркениеттің көш басына ұмтылудың бастау көзі болып отыр. Осы ретте, мектептің жүрегі саналатын ұстаздар қауымының мәртебесін көтеру үшін білім саласында айтарлықтай серпін бар. Атап айтқанда, өткен оқу жылында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Заңға сәйкес, педагогтардың еңбекақысы өсті, мәртебесі жоғарылады. Сонымен бірге, ұстаздарға артық қағазбастылық пен жүктемеден арылып, тек жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісімен айналысуға жағдай жасалды. Мұның барлығы білімді ұрпақ тәрбиелеудегі жарқын бастамалар, –деп ұстаздар қауымына жаңа оқу жылы қарсаңында сәттілік тілеп, бірнеше мұғалімге арнайы марапаттарды табыс етті.
Атап айтсақ, білім беру және тәрбие процестерін ұйымдастыру мен жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз етудегі, білім беру және тәрбие бағдарламалардың іске асырудағы елеулі табыстары үшін М. Бегалиева атындағы мектебінің биология пәнінің мұғалімі Айгүл Өтегенова ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет грамотасымен, ұзақ жылдар бойына білім саласында өнімді еңбек еткен Замирбек Алесов облыстық білім басқармасының алғысхатымен марапатталды. Аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрағасы Найля Нарболоваға «Орал өңірінде балалар туризмін дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісі тағылды. Сондай-ақ, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында еңбек етіп жүрген бірқатар ұстазға аудан басшысы Нұрлыбек Даумовтың алғысхаты берілді.
Өз кезегінде аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин де сөз алып, ауданның білім беру жүйесінде айтарлықтай іс-шара жүзеге асып жатқанын мәлім етті.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғарғы білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының марапатын, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұржан Сариев ұсынды. «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне А. Құсайынов атындағы мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Нұрлыбек Жахатов ие болса, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғарғы білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Құрмет грамотасына» Ш.Жексенбаев атындағы мектептің музыка пәнінің мұғалімі Бәтес Әкімғалиева, сондай-ақ, облыстық кәсіподақ ұйымының «Құрмет грамотасы» өз иелеріне табысталды.
-
Фотографии
-