КӘСІПОДАҚҚА АЛҒЫС!
Адам өмірінің басты құндылылығы – денсаулығы болуы керек екендігін күнделікті күйбең тіршіліктің жолында елеп ескере бермейді екенбіз. Атамыз Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» -деп, бекер айтпаған. Осы ұлағатты сөздің мағынасын ауырып, шегінерге жол жоқ кезде ғана түсінетініміз көпшілігімізге өкініш тудыратыны анық. Дегенмен, «ештен кеш жақсы» дегендей ,денсаулықты күту мақсатында өзіміз ширек ғасырдан астам уақыт еңбек еткен Тарбағатай ауданы Майлин атындағы мектеп -балабақша кешенінің ұжымының келісімімен, бастауыш кәсіподақ ұйымының жеңілдігін пайдалана отырып, «Сарыағаш» емделу, оңалту орталығына әріптесім Ахметкалиева Пану Сагатбекқызы екеуіміз жолдама алдық.
Жолдама алуымызға білім беру қызметкерлерінің Тарбағатай ауданы «Ақжар» кәсіподақ ұйымының төрағасы Ержан Искаков Амангелдіұлы мен есепшісі Айғана Аймағанбетқызының да көп көмегі тигенін айта кетпеске болмас. Біз осы әріптестерімізге алғысымызды айта отырып, шипажайдан алған әсерімізбен бөлісе кеткенді жөн санадық. Ат арылтып алыс жолдан барған кезде, үмітіңнің ақталғаны нұр үстіне нұр екен.
«Сарыағаш» шипажайынан көптеген ем қабылдап, денсаулығымдызы нығайтып, риза болып қайттық. Атап айтқанда процедураның өзі үш мезгіл ас мәзірі мен шипалы су ішуден басталып, емдік душтар мен ванналар, тюбаж бен түтікше арқылы өт қалтасын тазалау, физио және магниттік емдер қабылдау, шипалы балшық пен парафинді ем қабылдау, көк тамыр арқылы лазермен қан құрамын тазарту, тұзды шахтада тыныс жолдарын емдеу, асқазан мен ішек жолдарын шипалы сумен, ішкі ағзаларды ионды детоксикация арқылы тазарту, түрлі массаждар мен скипидар және панты қосылған емдік ванналардан тұрады екен. Сондай-ақ, окулист, стоматолог, косметологтардың да қызметтеріне жүгінуге болады. Бұдан басқа емделушілерді рухани дем алдыруға байланысты атақты әншілердің ән кештерін, би кештерін, зиярат етуге байланысты қасиетті мекендерге саяхат та ұйымдастырылады екен. Атап айтсақ «Қазықұрттағы» Нұқ Пайғамбардың кемесіне, Арыстан Баб пен Қожа Ахмет Яссауидың, Гауһар ананың кесенесіне барып зиярат етіп, қасиетті Түркістан қаласын аралап, «Керуен Сарайын» тамашалап қайттық. Сондай ақ, шет елге шығатын рұқсатнамасы бар азаматтарға Ташкент, Самарқанд қалаларының көрікті жерлеріне саяхатқа баруларына да жағдай жасалған. Тіптен сол Сарыағаштың өзіндегі су ортасындағы мешітке барып қайтқанның өзі адамды рухани жетістікке жетелейді екен.
Қорыта айтқанда, он күнде алған әсеріміз он жылдық азық болардай күйде екенімізді айтқымыз келеді. Қасымыздан табылып, сауықтыруымызды ұйымдастырып отырған Шығыс Қазақстан облысы білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына да алғыс білдіреміз.
Ризашылықпен, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, «Майлин атындағы мектеп-балабақша кешені» КММ ұстаздары Ахметқалиева Пану Сағатбекқызы, Қабденова Гаухар Еркінқызы.