ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Адам баласына берілетін тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Еліміз 2013 жылдан бері Отбасы күнін ресми түрде тойлап келеді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісіне тиесілі осы айтулы мерекеге орай елде бірқатар іс-шара өтуде. Соның бірі – Ақтөбедегі Жұбанов университетінде «Мерейлі отбасы» деген атаумен өтті. Аталған оқу орнында студенттер мен кәсіподақ мүшелері бас қосты.
Шараның басты мақсаты - отбасының беделін көтеруге, неке мен отбасының ұлттық құндылықтарын нығайтуға, қалыптасқан ұлттық дəстүрдегі қазақстандық отбасының үлгісін насихаттауға, отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған.
Тәрбиелік маңызы зор кездесуге университетте қызмет ететін үш отбасы шақырылды. Олардың барлығы кәсіподақ мүшесі, оқу орнында өз өнегелі істерімен көпке мәлім ғалымдар. Өйткені, шаңырақ иелері ұзақ жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп, ұл-қыздарына лайықты тәрбие беріп келеді. Кездесу барысында олар жастарға отбасы құндылығы мен бақытты жанұя атанудың жолдары жайында өз ойларымен бөлісті. Шаңырақтың бірлік-берекесін сақтап қалу сырларын айтып, жастарға үйленіп, үй болудың жауапкершілігін түсіндірді.
Басқосуда білім алушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, кездесу соңында алған әсерлерімен бөлісті.
Әдемі әңгіме барысында ұрпақтар сабақтастығы, бүгінгі ұрпақты еңбекқорлыққа баулу мәселесі де сөз болды.