ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Жетістікке жету — сарқылмас сабыр мен темірдей төзім әкеледі. Қайтпас қажыр-қайрат пен зор ізденіс және де ең бастысы өз ісіне деген шексіз сүйіспеншілік арқылы ғана қол жеткізер құндылық.
Ұстаз деген ардақты мамандықтың мәртебесін аласартпай, ғұмырын ұстаздық жолға арнаған Танышкунова Минара Жолдыбайқызы Қобда ауданы Жарық мектеп-балабақшасының бастауыш сынып мұғалімі. Ол өмір талабына сай жас ұрпаққа білім беруде, бүгінгі күн жаңалықтарын игеруге көп көңіл бөліп, үнемі ізденіс өсу үстінде көрінуде. Әрбір сабағында оқушыларды елжандылыққа, отансүйгіштікке, патриоттық сезімге баулудағы ұстаздың шеберлігі бір әңгіме.
Минара Жолдыбайқызы — өз пәнін жетік меңгерген, нақты және жете түсіндіру арқылы оқушыларды өз пәніне деген қызығушылығын арттыруды басты мақсат еткен өз ісінің шебері.
Білім саласындағы жемісті еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше рет қалалық, облыстық марапаттарға ие болды. Әр мұғалім өз оқушыларының жеткен жетістіктеріне қуанады, олардың есімдерін мақтанышпен айтады. Оның байқаулар мен олимпиададан жүлделі орын алған оқушылары Жанарыс Ізтлеу, Ерасыл Иманғазин, Диляра Марат, Артур Колдубаев, Елдес Сармановтар мектеп мақтанышына айналып жүр.
”Ұстаз бақыты – шәкірт алғысымен келеді” десек, Минара Жолдыбайқызы шәкірттердің алғысына бөленіп жүрген бақытты ұстаз. Оның сабырлы, салмақты мінезі, бейімділігі мен байыптылығы, ұйымдастыра білу қабілеттілігі бойынан анық көрінеді. Жас ұрпаққа білім, тәрбие беру оңай жұмыс емес. Себебі, жас ұрпақтың психологиясы мінез-құлқы, сезгені мен білгені, жанұяда ата-анадан алған тәрбиесі бірдей бола бермейді. Әр баланың өзіндік ерекшелігі болады. Біз әңгімелеп отырған ұстаз еңбекқорлығымен, мол ізденісімен шәкірт көңілінен жол таба білген ұстаз.
Өз ісін сүйе білетін, ықылас көңілмен істейтін, үлкен жауапкершілікпен қарайтын адамның көретін нәтижелері де биік болады. Ұстаз болу — үлкен мәртебе. Шебер ұстаз болу — үлкен бақытқа бөленген адам.