ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Ұстаздардың еңбегін өрнектеп қанша жазсақ та, қаншама жерлерде дәріптесек те, тіпті, ақындар мұғалім еңбегіне тәнті болып жыр төксе де, көптік етпес. Олардың еңбегі қоғамды басқарғаннан да ауыр деп бекер айтпаған болар. Иә, ұстаз тағылымынан артық не бар дейсіз?!
Алдына келген шәкіртінің болашағы жарқын азамат болып қалыптасуы жолында олар төккен тер дүниенің еш байлығымен өлшенбес. Осы орайда біз ұстаздар еңбегін, тағылымын дәріптеп, барша жұртқа таныстыруға арналған тұрақты айдарымызда Ақтөбе облысы Темір ауданы №3 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінің Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Сатыбалды Санжар Болатұлы жайлы айтпақпыз.
Сатыбалды Санжар Болатұлы 1997 жылы 1 қазанда Ақтөбе қаласы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында дүниеге келген. Жансен Кереев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің түлегі. Ол 2015-2019 жылдар аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетін “География” мамандығы бойынша тәмамдады.
Сатыбалды Санжар Болатұлы - жас та болса талмай ізденіп, әр сабағын жоғары деңгейде өткізіп, бар білгенін шәкірттеріне үйретіп жүрген жас ұстаз.
“Оқушыларды қазіргі заманға лайықты етіп тәрбиелеу керек” деген принципті ұстанатын жас маман аз уақыттың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, дарынды шәкірттер тәрбиелеп жүр. Атап айтсақ, 2021 жылы “Шығармашыл педагог-2021” республикалық олимпиадаға қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленсе, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай “Жас сарбаз - Тәуелсіздік тірегі” тақырыбындағы күзгі әскери-патриоттық сайыста ІІІ орынды, “Жас құтқарушы - 2021” сайысында І орынды жеңіп алды. Жас болса да ұстаздық жолда үлкен жетістікке қол жеткізген ол бүгінде дарынды шәкірттерді тәрбиелеуде үздіксіз еңбек етуде.
Өз мамандығын мақтан тұтып, жан жүрегімен қабылдаған Санжар Сатыбалдының алдағы ұстаздық жолында әлі шығар шыңы биік, шәкірттері ұстазынан озған, Отанымызға адал қызмет жасайтын саналы ұрпақ тәрбиелейтініне сенімдіміз.
-
Фотографии
-