ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаздық ету – ұлы жол. Шыңы биік, мінер баспалдағы ауыр жол. Оқу мен тынымсыз еңбектің жолы. Қуаныш пен көз жастың жолы. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дейді қазақ. Мұндағы «мықты ұстаз» жаңағы айтылған ұлы жолдың шыңына жетемін деп талпыну. Алда тұрған небір кедергілер мен ауыр асуларды бағындыра алу және оған қарсы тұра білетін ерік-жігер, мықтылық, сабырлық пен төзімділік. Осы қасиеттерді өз бойына ұштастыра білген ұстазды нағыз өз ісінің маманы дейді.
Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген өміршең ой дәл осы ұстазға лайықты секілді.
Иә, Жібек Алмағамбетова жай ұстаз емес, ұлағатты, кемел ұстаз және еңбек адамы. Оның есімі Мұғалжар ауданына кеңінен таныс.
Ол Қандыағаш қалалық №5 жалпы білім беретін орта мектебінде 2001 жылдан бері тәрбие саласында қызмет жасап келе жатқан теориялық білімі терең, ұйымдастырушылық қабілеті, әдістемелік шеберлігі өте жоғары, жаңаша негізде жұмыс жасап талап қоя білетін іскер басшысы.
Алмағамбетова Жібек Қозбаққызы 1989 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірді. Еңбек жолын Ақтөбе облысы Октябрь ауданы Шевченко негізгі орта мектебінде химия, биология пәнінің мұғалімі болып бастады. Қазіргі уақытта Қандыағаш қалалық №5 жалпы білім беретін орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және химия, биология пәнінің мұғалімі қызметін атқарады.
Жібек Алмағамбетова өз шығармашылық білімі мен біліктілігін жетілдіру мақсатында 2014 жылы ҚР педагогикалық кадрларының білімін жетілдірудің бірінші ілгеріленген деңгейі курсынан, 2018 жылы жаңартылған білім мазмұны курсынан, 2021 жылы «Жаратылыстану және химия пәні мұғалімдерінің құзыреттілігін арттыру» курстарынан өтті. Атқарған ісіне сай аудан, облыс тарапынан бірнеше марапаттардың иесі атанды. Бұл тынымсыз жасалған еңбектің үлкен бағасы, нағыз маманның, еңбек адамының үздіксіз атқарған жұмысының нәтижесі.
Ұстаз үшін берілген білімнің қаншалықты баланың санасына жетіп, көкейінде қалуы маңызды. Болашақта өзі еккен ағашының біртіндеп бүршік атып, жемісін беруі – әрбір ұстаздың қуанышы мен арманы. Ұлы жолдың бойымен келе жатқан ұлы ұстаздарымызды ұлықтау – тұтас елдің парызы.
Тарихымызға үңілсек, ұлы ғұламалардың өзі ғылым жолын ұстаздықтан бастаған. Үлкен еңбегі мен терең білімдігінің арқасында Жібек Алмағамбетованың есімі ел аузында жүр.
Әрине, «Дарынды шәкіртке – талантты ұстаз» демекші, ұстаздардың білім-білік деңгейін де ешқашан ұмыт қалдырмайды. Қарамағына тәжірибелі, жаңашыл ұстаздарды топтастыра білудің, еркін жұмыс істеп, жас мамандардың шығармашылық тұрғыда жетілуіне мүмкіндік туғызудың өзі білгірлік.
Бұл ұстаздың өмірі мен еңбек жолына назар аударсаңыз – ұстаздық қызметте де, басшылық міндетінде де өз сый-қадірін жоғалтпағандығын, азаматтық қадір-қасиетін сақтай білгендігін бағамдайсыз. Біз жаңашылдық пен оқу-тәрбие үрдісін асқан шеберлікпен жүйелі түрде жүргізе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті уақыт сынағында танылған, жас мамандарға айырықша көңіл бөліп, шебер ұстаз болып қалыптасуына ұйытқы бола білген қамқор басшының, «Бар мейіріміміз – балаларға» дейтін аяулы ұстаздың үлгі-өнегесін қысқа ғана қайырып өттік.
Ұлағатты ұстаздың аялы алақанынан шыққан мыңдаған оқушылары өміріне азық болар ұлттық тәрбиені бойларына сіңіріп, уақыт талабына сай маман атанып, мемлекетіміздің гүлденуі жолында үлестерін қосып келеді.
Барлық істе жауапкершілік пен адалдықты талап ететін Алмағамбетова Жібек Қозбаққызы сынды ұстаздан әрі қайраткер басшыдан үлгі-өнеге алған, мектебінен өткен кез келген жаннан ел үмітін ақтайтын азамат шығары анық.