ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
«Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген екен әйгілі суретші Пабло Пикассо. Ал ондай дарын көбіне бұйыра бермейтін қасиет. Осындай талантты жанның бірі – Шалқар ауданының «Көркемсурет лицей» МКҚК мекемесінің сурет пәнінің мұғалімі Абылаев Руслан Түлкібайұлы. Ол оқытудың әр түрлі әдіс-тәсілдері мен жаңа технологияны ұтымды пайдаланып, әрбір сабағын сапалы жүргізеді.
Суретшінің осы күнге дейінгі жеткен жетістіктері аз емес. Білім саласындағы жемісті еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше рет қала, облыстық білім басқармасының және кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Еңбек жолында «Жастар нашақорлықсыз өмірді таңдайды» облыстық байқауында І дәрежелі дипломға, «Табиғат серпілісті сыйға тартады» облыстық байқауында ІІІ дәрежелі дипломға, «Ақбөбек-ІV» халықаралық фестиваль байқауында ІІІ дәрежелі дипломға және тағы да басқа марапаттарға ие болды.
Адам қажырлы еңбегімен табиғатты өзгертсе, ұстаз жасампаз еңбегімен жаңа адамды қалыптастырып, оны дамытып, өмірге дайындайды. Тәлімгер бүгінде балалардың сурет қабілетін шыңдап, олардың дарынын ашып, әрі қарай жетістіктерге жету үшін көмектесіп келеді.
Өзінің ұстаздық мінез-құлқымен, әрқашан игі істердің ұйтқысы болып жүретін Руслан Абылаев ұстаздықтың ұлы жолында айшықты еңбегімен дараланып отыр. Оқушылары аудандық, облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Оқушылары оқумен қатар түрлі деңгейдегі «Аңсап өткен Тәуелсіздік», «Болашағы біртұтас ел», «Жемқорлыққа жол жоқ!», «Жас суретші», «Сыбайлас жемқорлықсыз ел - өркендеуші ел», «Қазақстан - жаңа әлемде» және тағы сол сияқты облыстық, республикалық сурет байқауларында жүлделі орындарға ие болып, мектеп ғана емес, аудан абыройын асқақтатып жүр.
Қылқалам шеберінің негізгі ерекшелігі – оның еңбегінің бояуы қанық, композицияға бай, сонымен қоса адамның жан дүниесіндегі рухани толқыныспен үндестік табатын нәзік сезімге құрылған, ортаны түйсіну, сезіну арқылы жаратылысқа басқаша көзбен қарайтын өнер иесі. Ал өнерлі елдің рухани жаңғыра берері сөзсіз. Ұстаз бақыты – шәкірт алғысымен келеді десек, Руслан Абаев шәкірттердің алғысына бөленіп жүрген бақытты ұстаз. Сабырлы, салмақты мінезі, бейімділігі мен байыптылығы, ұйымдастыра білу қабілеттілігі бойынан анық көрінеді. Біз әңгімелеп отырған ұстаз еңбекқорлығымен, мол ізденісімен шәкірт көңілінен жол таба білген ұстаз.