МАМАНДЫҚ ТАБИҒАТТАН…
Табиғатынан қарапайым, ішкі дүниесі бай, жүрген ортасына сыйымды, сабырлы, артық сөзге бара бермейтін осы жанды танымайтын сырт адам бірден «сіз мұғалімсіз-ау» дейтіні бар. Расында, ұстазға тән ұстанымдылығымен танылатын қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Накупова Нұрыш Әбдіманапқызы осындай жан. Отыз жылдан артық еңбек жолында әдебиет әлемін тани түскен үстіне тани түскісі келетіндей, кейіпкерінің тағдырын оқушыларына ойлантып та қоятын кездері көп. Сабақ беру әдісі де өзінше ерек. Басты ерекшелігі қазақ тілінің жанашыры. Тіл тазалығын сақтау дегенге келгенде делебесі қозып кететіні бар.
Еңбек жолын Алматы облысы Ұйғыр ауданында қатардағы қарапайым жұмыскерден бастаған Әбдіманапқызы арман қуып Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түскен болатын. Осы мамандықта қызмет атқарса да әкесінің «балам сенің табиғатың ұстаздық» дейтіні санасында жаңғырып тұратын еді. Айналып өмірден өз ұстаздық орнын тапқан тіл маманы Нұрыш Әбдіманапқызы ұстаз ғана емес, ұстаздардың жанашыр жетекшісі де бола білді. Директордың тәрбие ісінің орынбасары болып он шақты жыл қызмет атқарды. Ұйымдастырушылығымен талай ұстаздың еңбегін танытып, талай шәкірттеріне қанат бітірді. Отағасы Айткен Жөкенұлы еңбек сабағының, ұлы Әмірхан- тіл маманы, Айданасы мен Ақеркесі де маман-ұстаздар. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Әбдіманапқызы зейнет жасына таянса да қатардан қалуды намыс санайды. Шыңдаған оқушылары әр жарыстан жүлделі оралып мерейін асырып отыр. Әр жылдардағы, әр деңгейдегі марапаттары өз алдына бір әңгіме. Шамның жарығы астына түспейтіні секілді қатарымдағы әріптесімнің сәулесі алыстан көрініп жатса несі айып. Ақ сөйлеп, адал күлетін осындай жанмен әріптес болудың өзі бір бақыт шығар. Шын мәнінде еңбек адамы осындай болмақ керек-ау.
М.Хамзина,
«Ы. Алтынсарин атындағы тірек мектеп (РО)»
директордың оқу ісінің орынбасары.
Қарағанды облысы, Нұра ауданы.