АЛҒЫСҚА БӨЛЕНДІ
Ақтөбенің Жайсаң ауылында орналасқан Жайсаң арнайы білім беру ұйымында ерекше қажеттіліктері бар балалар тәрбиеленіп жатыр. Мұнда оқушыларға түске дейін тәрбиешілер сабақ өткізеді, түстен кейін олар қолөнер, сурет салу, спорттық ойындар секілді түрлі шараларға қатысады. Жауапкершілік жүгі ауыр, машақаты мен шапағаты мол саланың көшін ілгері жылжытып, балалардың білім көкжиегін кеңейтуде еселі еңбек етіп жүрген мұндағы тәрбиешілердің еңбегі ұшан теңіз. Ерекше балаларға тәлім мен тәрбие беруді кәсіби мамандығымен ұштастырған ұстаздар қауымы мен қызметкерлер бүгін алғысқа бөленді.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова және Мәртөк ауданының әкімі Алмас Салықбаев аталған білім беру ұйымында болды. Олар алдымен салтанатты шараға қатысып, білім мекемесінде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Қазіргі таңда Жайсаң арнайы білім беру ұйымының оқушылары заман талабына сай қайта жасақталған ғимаратта білім алуда. Күрделі жөндеу жұмыстары барысында ішкі қабырғаларды әрлеу, едендерін ауыстыру, оқу кабинеттерін жаңарту жұмыстары жүргізілген, қажетті технологиямен қамтамасыз етілген.
Білім ошағын аралап шыққан аудан басшысы мен білім саласының өкілдері әрбір бөлменің жабдықталуын көріп, оқушылармен тілдесті.
Сондай-ақ, ұстаздар мерекесі қарсаңында ауданның білім беру саласында жемісті еңбек еткен ардагер ұстаздарға және кәсіподақ мүшелеріне құрмет көрсетілді. Жиынға қатысқан қонақтар Жайсаң арнайы білім беру ұйымының қызметкерлеріне білім саласының дамуына қосқан айрықша үлестері үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова Жайсаң арнайы білім беру ұйымының басшылығына ізгі тілегін айтып, шипажайларға жолдама сертификатын табыс етті. Сонымен қатар, Раушан Серікова білім саласындағы жеткен жетістіктері, шәкірт тәрбиелеудегі елеулі еңбегі мен өз мамандығы алдындағы адал еңбегі үшін кәсіподақ мүшелеріне 300 000 теңгелік сертификат пен Алғыс хаттар табыстады.
Кәсіби мереке аясында ұйымдастырылған іс-шарада ардагер ұстаздар сөз алып, құрмет көрсеткен білім саласының басшылығы мен кәсіподақ ұйымына ризашылықтарын білдірді.
Шарада аталған білім беру ұйымының оқушылары өз өнерін көрсетіп, келген қонақтарға ән шашуын арнады. Сондай-ақ, 2016-2019 жылдары Жайсаң арнайы білім беру ұйымын басқарған Асқар Қилыбаевтың есімін есте сақтау мақсатында ескерткіш тақта ашылды. Жиналғандар оның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін, ел үшін аянбай еткен еңбегін еске алды.
Айта кетейік, жалпы кез-келген білім ордасының жетістігі өз ісіне жауапты, білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, іскер басшыға байланысты екендігі сөзсіз. Бұл ретте мектеп директорының еңбегі орасан екендігін айта кеткен жөн. Бүгінгі басқосуда Жайсаң арнайы білім беру ұйымы директоры Бекболат Сәрсенбаевтың бастамасымен күзгі көгалдандыру жұмыстары бойынша білім ғимаратының аумағында бірнеше түп ағаш көшеттері отырғызылды.
Жөндеуден өткен ғимаратта білім нәрімен сусындаған оқушылардың да қуанышында шек жоқ. Күрделі жөндеуден өткен бұл білім беру ұйымының болашақта оқушылардың сапалы білім алуына негіз болатыны сөзсіз.
-
Фотографии
-