БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАР – КӘСІПОДАҚ ТІРЕГІ
Кәсіподақтың заңмен және жарғылық құжаттармен көзделген жұмыс бағыттарының бірі – сала өкілдері-кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатын арттыру, саладағы түйткілдерді шешудің құқықтық әдіс-тәсілдерін меңгерту болып табылады. Осы орайда, Еңбек күні мерекесін атап өтудің аясында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ және қоғам: заманауи көзқарас» тақырыбында семинар өтті. Семинарға әр ауданнан білім мекемелері мен ұйымдарында жаңа сайланған 58 бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері қатысты.
Семинардың басты мақсаты – бастауыш ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнату, кәсіподақ мүшелерінің еңбек қатынастарында, жалақы мөлшері мен демалыстарына, аттестациядан өтуге байланысты туындап жатқан сұрақтарына жауап беру, әлеуметтік әріптестік актілерінің тәжірибеде қолдану сұрақтарын талқылау болды.
Алғашқы болып Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков «Кәсіподақ дегеніміз не? Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?» деген сұрақтар аясында тренинг өткізді. Модератор қоғамдық ұйымның құрылу тарихымен, өзге қоғамдық ұйымдардан ерекшелейтін өзгешеліктерімен, мақсат-міндетімен таныстырып, оған мүше болған еңбек адамының құқықтық кепілдіктері, артықшылықтары мен тиімді тұстарына тоқталды.
Семинар барысында кәсіподақтың құқықтық қызметінің басшысы Алия Джолшибекова «Ұжымдық шарт – мекемедегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу құралы» және «Жұмыс берушінің актілері және оларды кәсіподақпен келісу тәртібі» тақырыптары бойынша лекция оқыды.
- Облыстық білім басқармасымен әлеуметтік әріптестік аясында қысқартуларды болдырмау, педагогтердің біліктілік санаттарын сақтап қалу немесе созу, лайықты еңбек жағдайлары мен тұрақты жалақыны қалыптастыру, жалақының мерзімінде төленуі, еңбек қатынастарында еңбек дауларының алдын алу сынды жүздеген мәселелер шешімін тапқан. Кәсіподақ ұйымы Келісімдер мен Ұжымдық шарттардың жасалуы мен оның мазмұнының сапалылығына әрдайым үлкен мән береді, - деген Алия Игенбайқызы қолданыстағы 2021-2023 жылдарға арналған құқықтық актінің артықшылықтары мен мазмұнына жіті тоқталып өтті.
Бұдан бөлек семинарда Төраға орынбасары Жанболат Орынбеков «Педагог қызметкерлердің жұмыс және демалыс уақытының режимі», ал «Еңбекші» газетінің Бас редакторы Бейбіт Бекназаров «Кәсіподақтың ақпараттық-имидждік қызметі» тақырыбында дәріс оқыды. Оқу барысында еңбек және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағаты өтті.
Іс шара соңында қатысушылардан сауалнама алынып, кері байланыс орнатылды. Семинар қатысушылары алғыстарын білдіріп, осындай мазмұнды шаралардың жиі өтіп тұруын сұранды. Барлық қатысушыларға кәсіподақ оқуынан өткендігін растайтын сертификаттар табысталды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-