МҰҒАЛІМ – ҚАСТЕРЛІ МАМАНДЫҚ
Ұстаз деген мамандықтың барлық мамандық ішіндегі асылы екенін барлық адамзат біледі. Жер бетіндегі барша адамзат ұстаз алдынан білім алып, үлкен өмірге аттанады. Тек білім жолында емес, өмірдің түрлі сын -сабақтарынан сүрінбей өту үшін түрлі ұстаздарды жолықтырамыз.
Ең қиын да қызықты мамандық – мұғалім мамандығы. Болашақ ұрпақтың сауатты, өнерлі жан-жақты білімді болуы ұстаздың мойнында. Осындай адал, өз ісінің шебері, ұстаздық жолында 17 жыл аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген әріптесім, Туржанова Назира Елемесқызы «Фариза Оңғарсынова атындағы №29 жалпы білім беретін мектеп» КММ-де музыка пәнінің мұғалімі. Ол білімі мен тәжірибесі мол, педагог-зерттеуші біліктілік санатты мұғалімі. Аталған білім беру ұйымында 2018 жылдан бері қызмет етеді. Осы жылдар ішінде мұғалімнің жеткен жетістіктері аз емес. Туржанова Назира - кез келген істе абыройды жоғары қоятын білікті маман. Жастайынан ән шырқап өскен ол бүгінгі күнге дейін әнді, әуенді жанына серік етіп келеді. 2019 жылы Ақтау қаласының әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2022 жылы Маңғыстау облысының әкімінің Алғыс хаты, 2022 жылы Маңғыстау облысының Білім басқармасының Алғыс хаты. 2023 жылы халықаралық Стамбул қаласында өткен «Rising Star Turkic World» байқауында оқушылары бас жүлде жеңіп алғаны үшін «Алғыс» жарияланды. 2022 жылы республикалық «Дарын әлемі» фестивалінде «Үздік ұстаз» дипломымен және «Алғыс хатымен» марапатталды. 2023 жылы «Сазды ән мен жыр-дастан» атты республикалық ақын-композиторлардың шығармашылығынан жас өнерпаздар арасындағы ән-жыр байқауына қатысып «Вокал» номинациясы бойынша Бас жүлдені «Жұлдыздар» вокалдық ансамблі жеңіп алғаны үшін «Үздік ұстаз» дипломымен және «Алғыс хатымен» марапатталды. 2021-2022 оқу жылында Алматы қаласы Республикалық ғылыми әдістемелік педагогикалық мерзімді баспасөз басылымы «Білім әлемі» дипломмен марапатталды, 2021 жылы Республикалық педагогикалық ғылыми әдістемелік журналына мақала жарияланады. Туржанова Назира Елемесқызы сабақ берумен ғана тоқталмай, бірнеше жыл бойы үйірме жұмысын жүргізіп келеді. Назира ұлағатты ұстаз,өте еңбекқор жан. Ол бірлестік басшысы жұмысын да қатар атқарып келеді.
Назира жайлы қанша айтсақ артық болмас. Ол - мектепте тәлім-тәрбие беретін түрлі шаралар өткізу арқылы өзіне де, оқушыға тәжірбие жинайды, жинақтайды және үйірмелер өткізіп, жыл соңында тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндейді. Түйгенін ой елегінен өткізіп, таразының екі басына салып саралайды, қорытындылайды.
Тәрбиенің негізгі алтын діңгегі - ол ғибратты, ғұмырлы, ғасырлар бойы бойымызға салт-дәстүрмен берілген - ұлттық тәрбие тағылымын дәріптейді. Оның бастамасымен құрылған «Старс», «Балдәурен», «Балапан», «Вокал» әншілер топтары мен жеке шәкірттері де қалалық, облыстық республикалық сайыстарда, түрлі деңгейдегі шараларда, конкурстарда өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Шәкірттері қазіргі таңда Маңғыстау өнер колледжімен Алматы ұлттық консерваториясының студенттері. "Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді" деп Мәлік Ғабдуллин айтпақшы, Назира Елемесқызы өзінің жан-жағына шуақ шашып жүретін жайдары мінезімен, жарасымды киім үлгісімен ұжымға да, оқушыларына да сыйлы . Назираның ұқыптылықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, талапшылдықты сүйетінін біз жұмыс барысында ұжымдастары үнемі сеземіз, Назира Елемесқызымен жұмыстас болғанымызды әр уақытта мақтан тұтамыз. Назира өзі ұстаз ретінде қалалық, облыстық шараларда үнемі қазылық етеді. Ал өнер адамы, әнші ретінде бүгінгі күнге дейін түрлі концерттерде, мәдени-рухани шараларда өнер көрсетіп, сахнаның сәнін келтіріп, көрермен мен тыңдарманның жүрегінен жол тауып жүрген өнерлі ұстаз. Тума талант пен тынымсыз еңбекті қатар ұстаған Назира әрдайым жетістік пен жеңіс биігінен көрініп келеді. Осындай тынымсыз, адал еңбегінің арқасында 2023 жылы 28 қыркүйекте Маңғыстау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін «Үздік жетістіктер шебері» номинациясы бойынша төсбелгі иегері атанды.
Біз ұстаздар болашақ ұрпақты тәрбиелейміз. Сол үшін біз: сауатты мәдениетті, қайратты да сабырлы, ақылды да мейірімді болуымыз қажет. Сонда ғана біз оқытқан, біз тәрбиелеген балалардың болашағы жарқын болады. Мен әріптесім Назира Елемесқызына – осы күнге дейінгі жасаған еңбегінің жемісін көріп, шығармашылық ізденісі арта берсін деп тілеймін!
А.Бисенбаева,
«Фариза Оңғарсынова атындағы №29 ЖББМ» КММ тарих пәнінің мұғалімі ,
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, Ақтау қаласы, Маңғыстау облысы.