ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ
Алты Алаштың басы қосылғанда төр ұстазға беріледі. Себебі, ұстаз – елдің болашағын тәрбиелеуші, білім нәрімен сусындатушы. Келешектің қандай болатынын да осы ұстаз қауымының еңбегімен өлшеуге болады. Еңбек демекші, Темір ауданында ұстаздықты ұлық тұтып, ұлағатты мамандықты еншілеген әулеттер аз емес. Соның бірі – Исатаевтар әулеті.
Исатаев Бақыт Сағынайұлы 1972 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіреді. Ол талай қызметтің тұтқасын ұстап, абыроймен атқарып келген ардагер-ұстаз. Еңбек жолында Қарабұтақ орта мектебінде мұғалім, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, аудан әкімі аппаратында тіл бөлімінің бас маманы, Қарабұтақ селолық округі әкімшілігінде бас маман, Т.Шевченко орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, аудан әкімінің аппаратының әлеуметтік сала және мәдени даму, қаржы-шаруашылық, ішкі саясат бөлімдерінің басшысы қызметтерін атқарды.
Саналы ұрпақтың білім-тәрбиесіне сүбелі үлес қосқан жанның бұл еңбегі еш ескерусіз қалған емес. Абыройлы азаматқа мемлекет тарапынан талай құрмет көрсетіліп, марапат биігінен көрінді.
Ұстаз қашанда өзгенің бақытын аялап, шәкіртін өмірге баулушы екені белгілі. Шәкіртіне өмірлік азық боларлық пайдалы білім береді. Жас ұрпақтың бойына ізгілік нәрін егеді. Жақсы мен жаманды айыра білуге үйретеді. Адамгершілік қасиеттерді сіңіреді.
Бақыт Сағынайұлының құдай қосқан қосағы Алмажан Алмағанбетова да ұстаздық мамандықтың ұлағатты қасиетін бойына сіңірген жан. Алмажан Алмағанбетова - аяулы жар, асыл ана. Қашанда дастарханы жайнап, қазаны қайнап тұратын шаңырақ шаттығын еселеп отыр. Бұл үйден қашан да құтты қонақ арылған емес. Тұрмыс қамын, бала-шаға бабын жасап, қызметте де талай белесті еңсерген Алмажан апай «Ұстаздық еткен жалықпас» дейтін жандардың қатарынан.
Алмажан Алмағанбетова Ақтөбе педагогикалық училищесін, Гурьев педагогикалық институтын бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі және тарих пәнінің мұғалімі мамандықтарын тәмамдады.
Бұл отбасының перзенттерінің барлығы білім саласын таңдады. Айта кетерлігі, бүгінде сол жарасымды үрдісті қыздары жалғастырып келеді. Халқымыздың «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген тәмсілі осындайдан басталса керек-ті…
Қыздары Бақытгүл Исатаева 1997 жылдан бері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасының аға оқытушысы болса, Алмагүл Исатаева Әйтеке би ауданындағы Қарабұтақ орта мектебінде кітапханашы, ал Нәзігүл Исатаева Темір ауданындағы №4 Шұбарқұдық орта мектебінің оқу ісі орынбасары, информатика пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы. Тату тірлігімен көпке өнеге болып келе жатқан шағын ғана шаңырақ ертең-ақ саялы бәйтеректей мәуесін кеңге жайған абыройлы әулетке айналары айдан-анық. Себебі, әкенің өсиетін, ананың тәлімін бойына терең сіңірген балалары шаңырақ шаттығын шалқытып, ағайынға ақжарқын пейілін, жақын-жуыққа жанашыр ниетін көрсетіп келеді.
Ұстаздар мерекесінің қарсаңында саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған мұғалімдерді, Бақыт ағай мен Алмажан апайдай ұлағатты ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтаймыз!
Ұрпақ тәрбиесі жолындағы, қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілейміз! Себебі, ертеңгі мемлекеттің болмысы — ұстаздың бүгінгі тәлімінде.