ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Мектептің жүрегі кәсіби біліктілігі жоғары мұғалім екені даусыз. Өзгеге үйрете жүріп, өзі де білім нәрін меңгеретін ұстаз есімі – ұлық. Жандүниесі қарапайым болғанымен, ақылшы ұстаз күн сәулесі секілді. Бар уақытын баланың болашағы үшін арнайтын педагог өз мамандығынан зор бақыт табатыны сөзсіз. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Икембаева Гүлжихан Темірханқызы ұстаздық қызметте жүріп, шәкірт тәрбиелеуден жалыққан емес...
Шындығында, адамның бар жетістігінің бастауында ұлағатты ұстаздың қажырлы еңбегі тұрады. Шәкіртінің сапалы білім алуына сан жылдар бойы күш-жігерін жұмсап келе жатқан Гилжихан Темірханқызы осыдан 49 жыл бұрын қарапайым отбасында дүниеге келген.
Жастайынан ұстаз болуды армандаған өз ісінің шебері білімнің қара шаңырағы – қазіргі №1 Шұбарқұдық орта мектебінде білім алған. Ақылшы, тілеулес жандардың нұсқауымен Гүлжихан Темірханқызы Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің шетел тілдері факультетіне оқуға түседі. Мұнда өзі қалаған мамандықты алғыр ойлы жас толықтай игеріп шыққан.
Ұстаз болуды мақсат тұтқан кәсіби маман оқу бітірісімен сол кездері аталған университетке жұмысқа орналасады. Осылайша, сол оқу орнында 8 жыл ағылшын тілі пәнінің оқытушысы қызметін атқарады. Кейіннен 2004-2015 жылдары №4 Шұбарқұдық орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, кейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Педагогика саласына деген адалдығынан болар, Гүлжихан Темірханқызы 2015-2022 жылдар аралығында №3 Шұбарқұдық орта мектебінің басшысы қызметін атқарды. Біршама оқушыға өмірден жол табуына зор үлес қосқан білікті маман 2022 жылдан бері мұғалімдік қызметті атқарып келеді. Қиын-қыстау уақытта шәкіртке сапалы білім беруден таймаған Гүлжихан апай өзінің жоғары табысқа қол жеткізген шәкірттерімен мақтанып отырады.
Осы кезге дейін ұстаздық қызметте жүріп, республикалық, облыстық, аудандық дәрежеде зор жетістік пен жоғары марапатқа қол жеткізген білікті педагог әркез абырой биігінде. Гүлжихан Икембаева – білім ошағында талабы жоғары маман болса, үйде балаларының сүйікті анасы. Ендеше, аяулы жар, ардақты ұстазды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!