АРДАГЕР ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ
Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ардагер ұстазы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Құсайынов Халел Хаймуллаұлының 70 жасқа толуына орай Ғылыми Кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті.
Кеңеске жиналған облыстың зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар, еліміздің өзге аймақтарындағы жоғары оқу орындарынан келген әріптестері, шәкірттері мен туыстары мерейтой иесін қуанышымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Жиында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова профессордың білікті кәсіби маман, педагог-ғалым ретінде университет даму тарихында өз қолтаңбасын қалыптастырған тұлға екенін атап өтіп, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашеваның Құрмет грамотасы мен шипажайға жолдама табыс етті.
Басқосуда Халел Құсайыновтың өміржолы, ғылымда жеткен жемісті табыстары мен өнегелі қызметі туралы айтылды. Сондай-ақ, салтанатты шарада мерейтой иесінің ғибратты өмірі туралы кеңінен баяндалған «Бақыттың кілтін тапқан азамат» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Айта кетейік, Құсайынов Халел Хаймуллаұлы белсенді ғылыми және қоғамдық қызметі, кадрларды тәрбиелеу мен даярлаудағы зор үлесі үшін «Құрмет» орденімен (2021 ж.), Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен (2011 және 2012 ж.) бірнеше рет марапатталған. Республикалық және облыстық билік органдарының Құрмет грамоталарына, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің алғыс хаттарына ие болған. 2018 жылдан бері Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Құрметті азаматы.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» және «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.