ҰСТАЗДАРДЫ ҰЛЫҚТАДЫ
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпаизова оқу-ағарту саласында озық нәтижелер көрсеткен мамандарды құттықтады.
Басқосуда қырық жылдан астам білім саласына сүбелі үлес қосып, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, әрі өнегелі тәлім-тәрбие берген педагогтерге ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Алғыс хаттары табысталды.
— Сізге саналы ғұмырыңызды жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнап, осы салада ұзақ жыл қалтықсыз қызмет еткеніңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Өзіңізден өнегелі білім, тағылымды тәрбие алған азаматтар тәуелсіз еліміздің негізін қалап, өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысып жүр. Мыңдаған шәкіртіңіз биік белестерді бағындырып, халқына адал қызмет етуде. “Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы” деген осы болар.
Ұстаздардың жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы тынымсыз еңбегі мен ағартушылық қызметі әрқашан құрметке ие. Ұстаз - мектептің жүрегі. Баланың бойына білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін басты тұлға. Сондықтан ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай: “Алты алаштың баласы бас қосса, төр - мұғалімдікі” болуы тиіс.
Сізді еліміздегі бес жүз мыңға жуық педагог пен бес миллионнан астам жас өреннің атынан мерекеңізбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін! Мәртебеңіз асқақтап, абыройыңыз арта берсін!, - делінген Алғыс хатта.
-
Фотографии
-