ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА
Ұжымда әріптестерін тың идеяларға бастап, заманауи әдістермен қаруландырып, жандандырып жүретін, оқушыларын мақтау сөздерімен «марапаттап», қанат бітіріп отыратын үздік педагогтарымыз аз емес. Ұрпақ тәрбиесіндегі ұлы тұлға саналатын ұстазға алғырлық, дарындылық пен даналық, жан-жақтылық жарасады. Ісіне ептілік пен тағаттылық, үздіксіз іздену мен жаңашылдық әмсе керек екені сөзсіз. Өз ортасында дараланып, облыс, республика көлемінде тәжірибесі таратылып, кесек алтындай жарқырап көрінетін үздік ұстаздардың еңбегі еленіп, лайықты құрметке ие болуы ұжымын да әсте қуантады.
М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының ұжымы абыройлы да ардақты, өте еңбекқор жан алға қойылған мақсат пен берілген тапсырма межесіне зор жауапкершілікпен қарайтын, ізгілікті де ізетті, білімпаз әріптестерімен және олардың жетістіктерімен қашан да мақтанады. Соның бірі – аталған білім ордасында 37 жыл үздіксіз үлгілі ұстаз қызметін атқарып келе жатқан орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Пангереева Лаззат Шамқызы.
Мұғалім мамандығының қиындығын қайыспай көтеріп, аманат қып ауыр жүгін арқалап жүрген оның шәкіртке деген әр сөзі махаббатпен бағытталған.
Кісі көңіліне қарап сөйлейтін кішіпейілділігі мен сабырлылығы, мінезінің көркемдігі өзгеге үлгі. Ұжымның ғана емес, облыс бойынша ақтөбелік педагогтердің мақтанышына айналған Лаззат Пангереева жуырда «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» құрметті атағының иегері атанды. Әртүрлі білім додаларында қоржынын жүлделермен толтырып жүрген ол өз бойындағы білім мен еңбекке үлкен талап қоя білу, қызметке деген адалдық, өзі таңдаған мамандықты шексіз сүю, шәкірт жүрегіне жол табу сынды құнды қасиеттерді жасынан бойына сіңірген.
Мұғалім қызметінің басты мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін қалыптастыру және дамыту. Лаззат Шамқызы өз ісінде озық тәсілдерді тиімді қолдана білетін, қоғамдық жұмыстарға да зор белсенділікпен араласатын жан. Үнемі ізденісте жүріп, түрлі бағыттағы байқау, сайыстарға, конференция, семинарларға да қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Ұлағатты ұстаз есімін абыроймен әрі адал арқалап жүрген Лаззат Шамқызының биік белестердің шыңынан көрінетіндігіне кәміл сенеміз.