АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮЗДІК ҰСТАЗЫ
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Неге десеңіз, ұстаздар барлық мамандық иелерін жан-жақты тәрбиелейді, әріп танытады, өмірге үйретеді. Алдарындағы сан алуан мінезді шәкіртінің оябын тауып, оларға мейірім шуағын шашады. Ұстаз – таудан аққан өзен секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатады. Олар – шәкірт жүрегіне жол табатын, бала жанының бағбаны.
Сондай жауһар мамандық иелерінің бірі М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрғали Ақнұр Төлепбергенқызы дер едік.
Ақнұр Нұрғали 1979 жылы 31 қазан күні Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылында дүниеге келген. 1997-2001 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіреді. Осылайша, Ақнұр Төлепбергенқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын жалғастырды. Ұстаздық жолында өз ісінің шебері атанып, әр оқушының жүрегінен жол тауып, саналарына сәуле себе білді.
Жиырма екі жылдық еңбек өтілі оған мол тәжірибе берді. Жалпы адам баласы не істесе де сүйіспеншілікпен, ерекше бір ықыласпен қолға алса, оның нәтижесі де, жемісі де солай болары хақ. Жас та болса бас болған Ақнұр Нұрғалидың бағындырған белестері тарау-тарау.
Ақнұр Төлепбергенқызының шәкірттері үшін еткен еңбегі мен төккен тері көп-ақ. Еңбек жолындағы дағдысы мен біліктілігінің арқасында оның оқушылары үлкен додаларда топ жарып келеді. Оның есімі облыс, республика көлеміне танымал, өйткені өз пәні бойынша заман талабына сай түрлі тақырыптық семинарлар мен форумдарда, конференциялар мен тренингтерде, әдістемелік сайыстарда тәжірибесі таралып, кәсіби құзіреттілігін дәлелдеуде. Бүгінде халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқаулардан алған жетістіктері соның айғағы. Айталық, 2020 жылы Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2021 жылы Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің Алғыс хатымен, 2022 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, 2022 жылы Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бірлескен Алғыс хатымен, 2023 жылы Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының І дәрежелі дипломымен, 2023 жылы Республикалық «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығы Алғыс хатымен марапатталып, жуырда «Ақтөбе облысының үздік ұстазы» төсбелгісінің иегері атанды.
Қорыта айтқанда, Нұрғали Ақнұр Төлепбергенқызы – өз мамандығынан рахат таба білген, өмірін бала тәрбиесіне арнаған жігерлі тұлға, үйретері көп көшбасшы, шебер-педагог.