ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Атқару комитетінің отырысы өтті. Алқалы жиынға Жергілікті кәсіподақ филиалының төрағалары мен құқықтық еңбек инспекторлары, құрылымдық бөлім жетекшілері мен есепшілер қатысты.
Жиында Кәсіподақтың Тараз қалалық және Қордай аудандық филиалдарының жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру және оларды оңтайландырудағы ұйымдастырушылық-ынталандыру жұмысының есебі туралы И.Костина мен Қ.Қыпшақбаева баяндады. Сонымен бірге Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов аудандары бойынша кәсіподақтық құқықтық еңбек инспекторлары жұмыстарының есептерін берді.
Т.Рысқұлов ауданы бойынша білім беру мекемелерінде 2023 жылдың басынан бері еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша еңбек инспекторы Т.Тлеуқабылов 30 тексеру жүргізіп, 106 заңбұзушылық фактісін анықтаған. Есепті кезеңде барлығы 580 құқықтық қызмет көрсетілген, оның ішінде - 557 ауызша, 23 жазбаша. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 6 семинар өткізген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде кәсіподақ мүшелерінің пайдасына келтірілген экономикалық тиімділіктің жалпы соммасы 3 747 311 теңгені құрады.
Ал Меркі ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы С.Ержанова 54 бастауыш ұйымға бекітілген жоспар бойынша еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша 35 тексеру жүргізген. Қолданыстағы еңбек заңдылығының талаптарын бұзудың 141 (2022 ж. - 67; 2023 ж. - 74) жағдайын анықтаған. Облыстық және аудандық ұйымға түскен арыз-өтініштер саны – 15. Тікелей кездесу, әлеуметтік желі және телефон арқылы берілген құқықтық кеңестер саны - 905 (2022 ж. – 211; 2023 ж. – 694). Есепті кезеңде жүргізілген тексерулер бойынша, сонымен қатар азаматтардың өтініштерін қарау барысында және Ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу нәтижесінде кәсіподақ мүшелерінің пайдасына келтірілген экономикалық тиімділіктің жалпы сомасы 2 млн 107 мың 966 теңгені құрады.
Қордай ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Б.Алпысбаев соңғы 12 айда 84 қоғамдық бақылау жасап, 326 құқық бұзушылық тіркеген. Құқықтық қызметтің экономикалық эффектісі 2022 жылға қазан айына дейін 20 млн 705 мың 604 теңгені құраса, 2023 жылдың 10 айында экономикалық эффект 954 935 теңге болды.
Бұдан кейін «Білім беру саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау және игеру процестеріне сыртқы және ішкі қаржылық талдау нәтижелері бойынша бірқатар санаттағы қызметкерлердің әлеуметтік актілермен көзделген қосымша кепілдіктеріне қатысты туындаған түйткілдерді құқықтық реттеу барысы туралы» Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары Ж.Орынбеков, «Әлеуметтік әріптестік туралы 2024-2026 жылдарға арналған облыстық салалық келісім, Ұжымдық шарттар жобаларын әзірлеу барысы туралы» құқықтық қызмет басшысы Ә.Джолшибекова, «Облыстық оқу-әдістемелік орталығының жұмысы мен кәсіподақтық «Еңбекші» газетіне 2024 жылға жазылым ұйымдастыру туралы» газеттің Бас редакторы Б.Бекназаров, сала қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін 2023 жылғы сауықтырудың кезекті қорытындылары туралы «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС директоры Ж.Қойбағаров пен бас маман С.Шымырқұлова баяндама жасады.
Атқару комитетінің отырысында қаралған осы және өзге де сұрақтар бойынша тиісті Қаулы қабылданды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фотографии
-