ХРОМТАУЛЫҚ ҰСТАЗДАР АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ
Хромтау ауданының ұстаздары волейбол, футбол, бес тас ойыны және үстел теннисінен сынға түсті.
Спартакиада аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының демеушілігімен ұйымдастырылды.
Мұғалімдер командалық және жекелей жарыста бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады.
"Барлығыңыз спартакиадада белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсеттіңіздер. Сіздерге шығармашылық табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін. Араларыңызда ерекше көзге түскен, үздіктерден құралған команда облыстық спартакиадаға қатысады. Ауданымыздың мерейін үстем етіп, жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдемін", – деді аудандық білім қызметкерелері кәсіподағының төрағасы Гүлжан Аханова.
Ойын нәтижесінде №7 мектеп-гимназиясының командасы І орынға, №4 Хромтау орта мектебінің командасы ІІ орынға, ал Көктау, Нұрлы-Көш, Майтөбе, Аққұдық орта мектебінің командалары ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздар аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталып, ақшалай сыйақыларға ие болды.
Жарыста жүйрік атанып, оқ бойы озық көрінген ұстаздар облыстық мұғалімдер спартакиадасында аудан намысын қорғайтын болады.
-
Фотографии
-