РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Батыс Қазақстан облысында ағымдағы жылдың 24 қазан күні «25 қазан – Республика күніне» орай салтанатты марапаттау шарасы өткізілді.
Шарада, еңбек қатынастарын реттеу және қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және халықты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жасалған жұмыстарда белсенділік танытқан бірқатар әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан кәсіподақ төрағалары мен мүшелері және білім саласының педагог – ардагер ұстаздары марапатталды.
Облыстық кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев және Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекеновалар еңбек адамының әлеуметтік мүддесін қорғайтын және еңбекті бағалап қолдайтын бүгінгі кәсіподақтың қатары нығайып, ең мықты қоғамдық күшке айналғанын атап өтті.
Атаулы шарада «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісі, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі, «Кәсіподақ ардагері» белгісі, Орталық комитеттің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы оқу - ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Алғыс хаты», облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен барлығы отыздан астам марапат иелеріне құрмет көрсетіліп, сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді.
-
Фотографии
-