
Педагог сотта жеңіп шықты
Салалық келісімге 9.4-тармақ енгізілген, оған сәйкес зейнеткерлік жасқа толған педагогпен еңбек шарты аталған негіз бойынша оның қалауымен оқу жылы аяқталғаннан кейін ғана бұзылады. Мұндай жағдайларда қолданыстағы еңбек шартына қосымша келісім ресімдеудің қажеттілігі жоқ.
Соған қарамастан зейнет жасына жеткен педагогтарды оқу жылы аяқталмай жатып жұмыстан босату жағдайлары әлі де кездеседі. Осындай жайт Жамбыл облысы Жуалы ауданында болды. Кәсіподақтың араласуынан кейін педагог жұмысқа қайта орналастырылды. Жуалы аудандық сотының биылғы жылдың 12 мамырдағы шешімі мен ұжымдық шарт нормаларын сақтау мәселесі бойынша директорға қатысты шығарылған жеке ұйғарым Салалық кәсіподақтың ресми сайтында жарияланды. Жамбыл облысы Жуалы аудандық соты азаматтық істі қарады. Сотқа талап қоюшы жағындағы үшінші тарап ретінде «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі педагогтің құқығын қорғады.