
ТАРАЗДА ПЕДАГОГТАРҒА АТТЕСТАТТАУДЫҢ ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ
ҚР Оқу-ағарту министрінің 02.04.2024 жылғы №72 бұйрығына сәйкес 01 қаңтардан бастап енген өзгерістер педагогтердің аттестаттаудан өтуінде жаңа қағидалары мен шарттарға негізделеді. Осы ретте, аттестаттаудан өту қағидаттарына енген өзгерістерді тәжірибелік түрде талқылап, түсіндіру мақсатында Тараз қаласындағы №66 жайлы мектептің мәжіліс залында арнайы семинар өтті.
Семинарда алғашқы болып сөз алған Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков семинардың мақсат-міндеттеріне тоқталып өтті.
- Соңғы жылдары елімізде педагогтарға арнайы мәртебе беріліп, жалақылары да өсе түсті. Сәйкесінше, талап та күшейді. Аттестаттаудан өткен мұғалімдердің біліктілік санаттарына сәйкес еңбекақысына үстемеақы қосылады. Аттестаттау арқылы педагогтар мен мекеме басшыларының біліктілік деңгейі, жеке кәсіби өсуі, заманауи педагогикалық технологияларды мақсатты пайдалануы, ең бастысы - педагогикалық еңбектің тиімділігі мен сапасы артады. Сондықтан да, бүгінгі ұйымдастырылған семинар қажет әрі пайдалы деп білемін, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Алғашқы спикер – облыстық білім басқармасы жанындағы аттестаттау комиссиясының мүшесі Жанболат Орынбеков осы мәселе бойынша егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
- Аттестаттау - мемлекеттік қызмет болып есептеледі және біліктілік бағасы, педагог білімін бағалау, қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтаудан тұрады. Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен орынбасарлары қосымша сұхбаттасудан өтеді. Педагогтер аттестаттаудан бес жылда бір рет өту міндетті болса, білім беру ұйымдарының бірінші басшылары аттестаттаудан үш жылда бір рет өтуі тиіс. Аттестаттау кезеңі біліктілік санатын соңғы берген немесе растаған күннен бастап келесі аттестаттау мерзімі басталғанға дейін немесе мерзімінен бұрын аттестаттау үшін жағдайлар болғанға дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Білім беру ұйымы жыл сайын 1 маусымға дейін алдағы оқу жылына аттестаттау жоспарын жасайды және бекітеді. Аттестаттау жылына 1 рет өткізіледі, рәсімдердің мерзімдері сәйкесінше ережелерде айқындалады, - деді Жанболат Тұңғышбекұлы.
Семинар барысында Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды түсіндірді.
Аталған тақырыптардан тыс семинар қатысушылары еңбек заңнамасы, әлеуметтік әріптестіктің маңыздылығы және педагогтердің құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен ақпарат алды. Жергілікті кәсіподақтың оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған семинар сала қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек қатынастарын реттеуге және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Шараның қорытындысы бойынша қатысушыларға тиісті материалдар таратылып, сұрақтарға жауап берілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-