ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ МҮДДЕСІ – КӘСІПОДАҚ НАЗАРЫНДА!
Жаңа оқу жылы қарсаңында кәсіподақ өкілдері Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясындағы әріптестермен кездесті. Оқу жылына дайындық нәтижесімен танысқаннан кейін мектеп директоры Ж. Зулқарнаевамен және әкімшілік мүшелерімен мектеп құжаттары және заң талаптары тақырыбында әңгімелесу өтті.
Кәсіподақ орталығының өкілі Ж. Жұмабеков пен облыстық кәсіподақ комитетінің маманы Ж. Базарбаев жас ұжым мүшелеріне қоғамдық белсенділіктері үшін ризашылығын білдіріп, жұмыс барысында жиі кездесетін мәселелер мен сұрақтарды шешу жолдары туралы кеңес берді. Олардың көбі еңбек қауіпсіздігіне байланысты, өйткені күнделікті мектеп өмірінде бұл сұрақтардың жиі кездесетіні құпия емес.
Қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы С. Макишева Абай атындағы мектеп-гимназиядағы кәсіподақ ұйымы қаладағы кәсіподақтар арасында бірлігімен ерекшеленетін үлкен ұжымдардың бірі екенін айтты.
Мектептің бастауыш ұйымының төрағасы Г. Азыканова ұжымда қандай мәселе туындаса да, әлеуметтік әріптестік арқасында оның шешімін табуға жол іздейтіндерін айтты.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, бірлігі жарасқан әріптестерімізге кәсіподақ тарапынан тиісті қолдау көрсетіп, заң бойынша кеңес беруге, қажетті көмек көрсетуге әрқашанда дайын екенімізді жеткіздік. Өйткені кәсіподақтың басты мақсаты – еңбек адамының қасында болып, оған қолдау жасау.
Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымы