ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ – КӘСІПОДАҚТЫҢ БАСТЫ НАЗАРЫНДА
Еңбек адамы үшін өз құқығының қорғалуы ең басты кепілдіктердің бірі. Осындай қиын кезеңде қызметкердің жанынан табылып, заң аясында қолдау көрсететін ұйымның кәсіподақ екеніне мен көз жеткіздім. Мен Жамбыл облысы Қордай ауданы білім бөлімінің есеп секторының бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеймін, кәсіподақ мүшесімін.
2021 жылғы 5 қаңтардағы жұмыс берушінің №7-Ө бұйрығымен негізгі қызметіммен қатар, қызмет көрсету аймағым кеңейтіліп, маған қосымша міндеттер жүктелді. Осыған байланысты ҚР Еңбек кодексінің 111-бабының талаптарына және «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданының білім бөлімі» КММ мен «Білім қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық комитеті» филиалы арасында жасалған 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа сәйкес лауазымдық жалақымның 50 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төленіп отырды.
2022 жылғы 21 маусымда Ұжымдық шартқа енгізілген қосымша келісімде де орталықтандырылған бухгалтерия жүйесінің қызметкерлеріне негізгі жұмысымен қатар атқаратын қосымша міндеттері үшін қызмет көрсету аймағының кеңейтілуіне байланысты лауазымдық жалақысының кемінде 50 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төлеу қарастырылды.
Бұл шешімнің өзіндік объективті себептері болды. Атап айтқанда, педагогтердің жалақысы кезең-кезеңімен артқанымен, әкімшілік-қосалқы персоналдың еңбекақысы өзгеріссіз қалды. Сонымен қатар есеп бөлімі мамандарының жауапкершілігі мен жұмыс көлемі айтарлықтай артты. Сондықтан қосымша ақы заң талаптарына және Ұжымдық шарт талаптарына сәйкес белгіленді. Мен өзіме жүктелген қосымша міндеттерді толық көлемде орындадым. Барлық жұмыстар жұмыс берушінің бұйрықтарымен рәсімделіп, заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылды.
Алайда, 2023 жылы Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы жүргізген мемлекеттік аудит қорытындысында есеп қызметкерлеріне төленген аталған қосымша ақылар негізсіз деп танылып, оларды бюджетке қайтару туралы нұсқама берілді. Сол қызметкерлердің қатарында мен де болдым. 2021-2023 жылдар аралығында маған төленген қосымша ақы көлемі 931 450 теңгені құрады. Кейін жұмыс беруші 2024 жылғы 9 сәуірдегі №231-Ө бұйрығы және 19 сәуірдегі №1203/705 хабарламасы арқылы осы қаражатты қайтаруды талап етті.
Біз бұл талаппен келіспедік. Алдымен білім бөлімінің келісу комиссиясына жүгіндік. Алайда мәселе шешілмеген соң сотқа талап қоюға мәжбүр болдық.
Осы қиын кезеңде Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы бізді жалғыз қалдырған жоқ. Кәсіподақтың құқықтық қызметі бізге жан-жақты заңгерлік көмек көрсетіп, сотта сенімхат негізінде өкілдік етті. Әрбір сот отырысында заңнамалық тұрғыдан дәлелдер келтіріліп, біздің құқықтарымыз кәсіби деңгейде қорғалды.
Нәтижесінде сот аудандық білім бөлімінің талаптарын заңсыз деп танып, біздің ұстанымымыздың заңды екенін толық растады. Соның арқасында біз бұрын төленген қаражатты мемлекетке қайтарған жоқпыз. Бұл мен үшін ғана емес, менімен бірге еңбек еткен әріптестерім үшін де үлкен әділдік болды. Егер кәсіподақтың құқықтық қолдауы болмағанда мұндай нәтижеге қол жеткізу оңай болмас еді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына, құқықтық қызмет мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Олар мәселе туындаған алғашқы күннен бастап біздің жанымыздан табылып, кәсіби білімімен, заңдық қолдауымен және табандылығымен еңбек құқықтарымызды қорғап шықты.
Осындай ұйым барда кәсіподақ мүшесі өзінің жалғыз емес екенін сезінеді. Біздің күшіміз – бірлікте.
Нела ИЛИМБАЕВА,
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Қордай ауданы білім бөлімінің есеп секторының бөлім меңгерушісі.