КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫНДА ЕҢБЕК ДАУЫН ШЕШУ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Еңбек дауы — тараптар арасындағы келіспеушіліктің ғана емес, заң талаптарын дұрыс білудің маңызын көрсететін мәселе. Әрбір еңбек дауы дер кезінде әрі заң аясында шешілуі үшін келісу комиссиясының жұмысы жүйелі жолға қойылуы қажет. Қызметкердің еңбек құқығын қорғау — кәсіподақтың басты бағыттарының бірі. Ал келіссөз мәдениеті мен құқықтық сауаттылық — дауды ушықтырмай, ортақ шешімге келудің маңызды тетігі.
30 қыркүйекте Сауран ауданындағы №5 «Келешек» мектебінде келісу комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті. «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбындағы оқыту барысында қатысушылар еңбек дауларының негізгі себептері, оларды қарау тәртібі және келісу комиссиясының қызметіндегі маңызды құқықтық мәселелер бойынша білімдерін жетілдірді.
Семинарға келісу комиссиясының 200 ге жуық мүшесі қатысып, тәжірибеде туындайтын өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Семинар жұмысына Салалық кәсіподақтың құқықтық бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева, облыстық кәсіподақтың маманы Б.Абдураимов, Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Е.Исатаев қатысты.
Мамандар еңбек қатынастарындағы даулы жағдайларды құқықтық тұрғыдан сауатты шешудің жолдарына тоқталып, келісу комиссиялары мүшелерінің жауапкершілігі мен кәсіби даярлығының маңызын атап өтті.
Оқыту семинарының қорытындысында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Кәсіподақ үшін еңбек дауын шешу тек мәселені қарау емес, ең алдымен адамның еңбек құқығын қорғау. Сондықтан келісу комиссиялары мүшелерінің құқықтық білімін арттыруға бағытталған мұндай оқытулар еңбек қатынастарында заңдылық пен өзара түсіністікті нығайтуға қызмет етеді.
Түркістан облыстық ұйымы
-
Фотографии
-