ШАРШЫ АЛАҢДА - ҰСТАЗДАР
Қысқы демалыста ұстаздар үстел теннисі мен волейболдан өзара жарысты. Бұл шараны «Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ Кербұлақ аудандық филиалы ұйымдастырды.
Тоқсан сайын дәстүрге айналған шараның ашылу салтанатында Кербұлақ аудандық филиалдың төрағасы Ж. Дуанаев сөз сөйлеп, кәсіподақтың атқарып жатқан жұмысын атап өтіп, еңбек адамының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көңіл бөлгенін жеткізді. Сонымен қатар аудан көлемінде ұйымдастырылған шаралардың рейтингі шығатынын жеткізді.
Білім саласының қызметкерлері алғашқы күні үстел теннисінен сынға түсті. Оған ауданға қарасты білім мекемелерінің атынан 18 команда қатысты. Жалпы саны 36 адамды қамтыған шарада кәсіподақ мүшелері қызықты, әрі тартысты ойнады. Нәтижесінде бірінші орынды Көксай негізгі мектебі, екінші орынды Жапаров атындағы орта мектебі, үшінші орынды Күреңбел қазақ орта мектебі еншіледі.
Келесі күні қоғамдық бірлестік волейболдан жарысты жалғастырды. Оған аудан көлемінде 17 команда, 136 қызметкерді қамтыды. Бас төреші М. Айтбаев жарысқа қатысушыларды жарыс ережесімен таныстырып, ойынды бастап кетті.
Тартысқа толы жарыста педагогтар барын салды. Спортты серік еткен білім саласының қызметкерлері жақсы ойын үлгісін көрсетті. Күреңбел қазақ орта мектебі қарсыластарын шаң қаптырып, І орынды қанжығасына байлады. Ш. Уалиханов атындағы орта мектебі мен Ж.Тобаяков атындағы орта мектебі ІІ және ІІІ орынды өзара бөлісті.
Жеңімпаздарға аудандық кәсіподақ филиалының атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім
қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті
кәсіподағы» ҚБ-нің баспасөз қызметі
-
Фотографии
-