
КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ АЛҒА ЖӘНЕ ХРОМТАУ АУДАНДАРЫНДА БОЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы өз мүшелерінің бірлігін нығайтып, ұйымдық құрылымдардың қызметін жетілдіру, әлеуметтік серіктестікті дамыту және нығайту мақсатында қаңтар айының 30-31 күндері Хромтау және Алға ауданында болды.
Әр ауданға бөлінген кәсіподақ өкілдері Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова, бас маман, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев, маман Айжарық Серімбетов, еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маман Нұрлан Жетпісбай 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік жөніндегі екіжақты Келісімге енген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру, ұжымдық шарт туралы, кәсіподақ мүшелерінің жеке сұрақтары бойынша қабылдау жүргізіп, аудандағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын, іс-құжаттарын зерделеу жұмыстарымен айналысты.
Айта кетейік, бүгінде облыстық ұйымның заңгерлері сала өкілдеріне сапалы құқықтық кеңес беру, заңдардағы өзгерістерді насихаттау, ұжымдық шарт жобаларын әзірлеу мен оның орындалуын қамтамасыз ету, еңбек қатынастарындағы әртүрлі түйткілдер бойынша құзырлы органдармен хат алмасу, соттарға талап-арыздар әзірлеу мен сала өкіліне өкілеттік ету бойынша еселі еңбек етуде. 2024 жылы облыстық ұйымға 3418 ауызша, жазбаша арыз-өтініштер түскен, келіссөздер арқылы 7 жұмыскерді заңсыз жұмыстан шығарудың алдын алу және 21 келісу комиссиясында қарау бойынша көмектер көрсетілді. Экономикалық тиімділікке негізінен Д санатындағы азаматтық қызметшілер қатарындағы техникалық қызметкерлерге қосымша демалыстар беру есебінен қол жеткізілді. Кәсіподақ мүшелеріне заңсыз ұсталған немесе төленбеген 55 378 667 теңге ақшалай қаражат қайтарылды. Іссапар шығындарын дұрыс төлемеу, зейнет жасына жетіп еңбек шарты бұзылған қызметкерлерге өтемақы төлемеу және тағы басқалар мәселелер шешімін тапты.
Кәсіподақ өкілдері Хромтау, Алға аудандарына сапары барысында Алға индустриялық-техникалық колледжінде, Алға гимназиясында, №4 Алға орта мектебінде, №1 «Еркетай» балабақшасында, №2 «Айгөлек» балабақшасында және №4 Хромтау орта мектебінде, №5 «Ақбота» балабақшасында еңбек заңнамасының қолдану ерекшеліктері мен кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер берді. Жауапты мамандар ұжымдық шарт, ішкі еңбек тәртібі мен өзге де құжаттарды көрсетіп, оларды жүргізу бойынша әдістемелік көмек алды.
Кәсіподақ мүшелері еңбек өтілі және оған байланысты еңбек демалысын беру, қоса атқарылатын жұмыс кезінде туындайтын мәселелер, біліктілік санатын алу тәртібі, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы, нормативтік оқу жүктемесі, материалдық көмек көрсету сияқты көптеген сұрақтар қойып, нақты жауап алды.
-
Фотографии
-