
АЛҒА АУДАНДЫҚ ҰЙЫМЫ ЕСЕП БЕРДІ
Ұжымдық шарт - жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы әлеуметтік еңбек қатынастарын реттейтін пәрменді құрал. Ұжымдық шартты жасасу бар және оның орындалуы да өз алдына үлкен міндет. Осы орайда, Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы жылдық есеп беріп, алдағы міндеттерді межеледі.
Басқосуда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымының 2024 жылы атқарылған жұмыстарының есебі беріліп, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігі, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағытында атқарылған жұмыстар сараланды.
Ұйым төрағасы Раушан Серікова облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының есепті мерзім ішіндегі кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығын және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында атқарылған кәсіподақ жұмыстарына жіті тоқталды. Сонымен қатар ұйым төрағасы кәсіподақтың ұйымдастырушылық құрылымы, әлеуметтік әріптестік, құқықтық жұмыс, жастармен жұмыс, ақпараттық жұмыс және ұйымдастыру жұмыстары туралы кеңінен баяндады.
Раушан Серікқызының мәліметінше, бүгінде өңірде 12 аудандық, 1 қалалық және 615 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Облыстағы білім саласы қызметкерлерінің құқығын қорғайтын ұйымға 33 468 педагог мүше.
Кәсіподақ қызметінің басты бағыты – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбектік құқықтарын қорғау. Бұл жұмыстар облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімдері, оқу орындарының басшылары сынды әлеуметтік әріптестермен бірге атқарылуда.
- Білім кәсіподағы жыл бойы білім беру ұйымдарындағы еңбек қатынастарын реттеп, педагогтердің мүддесін жан-жақты қорғады. Соның айғағы, әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің негізінде 2023-2024 оқу жылында кәсіподақ ықпалымен ұстаздарға тиесілі қомақты қаражат қайтарылып берілді. Бұл дегеніміз, мектеп директорлары және олардың орынбасарларына қосымша сағаттары үшін емдеу-сауықтыру ақысын төлеу, мұғалімдерге категория бойынша еңбекақы төлеу, алғашқы даярлық пәні мұғалімдеріне үстемақы төлеу тағы басқа,- деді Р.Серікова.
Кездесуде облыстық ұйым төрағасы салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер, педагог мәртебесі туралы атқарылып жатқан мәселелер жөнінде де толығырақ тарқатты.
Өз кезегінде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау қызметі мен ұжымдық шарт туралы баяндады. Сондай-ақ, 2024-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің негізгі ережелерін түсіндірді.
Жиында Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Рита Еркусимова қорытынды баяндама жасап, 47 бастауыш кәсіподақ ұйымына біріккен 2694 сала өкілінің құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қолдау бағытында атқарылған іс-шараларға тоқталды.
- Басты бағыт - құқықтық қорғау және әлеуметтік әріптестікті дамыту. Барлық мекемелерде әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шарттың орындалуы бойынша есеп беру жиындары өтті. Есепті мерзім ішінде кәсіподақ мүшелерінен түскен жазбаша - 16, ауызша 60-тан аса өтініш пен сұраққа заң аясында құқықтық кеңес берілді. Ұстаз беделін көтеріп, еңбек адамының құқығы мен мүдделерін әлеуметтік әріптестік аясында қорғаудың үздік тәжірибесін насихаттау мақсатында, сонымен қатар, ҚР кәсіподақтар күні мен Ұстаздар күніне, атаулы күндерге орай салтанатты жиын ұйымдастырылып, кәсіподақ мүшелеріне құрмет көрсетіледі.
Мұның барлығы да қызметкерлердің әлеуметтік еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс орындарын сақтау, лайықты еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмысшылардың ар-намысына нұқсан келтірмеу, сыйластық пен өзара ынтымақта бірлесе еңбек атқару, ұжым мүшелерінің күшін бір арнаға тоғыстыру жолында жасалып жатқан жұмыстар, - деген Рита Зейноллақызы әр еңбек ұжымын елдің өркендеуі жолында еселі еңбек етуге шақырды.
Тексеру комиссиясының төрағасы Жұлдыз Қадырханова аудандық ұйым қаражатының жұмсалуы туралы баяндады.
Ал, ауданның бас ұстазы Гүлназ Мырзағалиева жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында кәсіподақ ұйымының маңыздылығы ерекше екеніне тоқталып, кәсіподақ өкілдеріне алғысын жеткізді.
Жиын соңында үздік әлеуметтік әріптестер мен кәсіподақ мүшелеріне бірқатар марапаттар, тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалар табысталды.
-
Фотографии
-