
БІЛІМ ҰЙЫМДАРЫ БАСШЫЛАРЫ БАҚ СЫНАСТЫ
Батыс Қазақстан облысы, Тасқала аудандық білім беру бөлімі және аудандық кәсіподақ ұйымының қолдауымен 2025 жылдың 31 қаңтар күні алғашқы рет мектеп басшылары мен білім беру ұйымдарының басшылары арасында І аудандық «Director’s CUP» дебат турнирі ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты - көшбасшылық қабілетті, зияткерлікті дамыту, өзекті қоғамдық саяси тақырыптарды талқылауға тарту арқылы олардың азаматтық көзқарастарын дамыту және конструктивті диалог пен пікірталасты жүргізу мәдениетін қалыптастыру.
Дебатқа он төрт мектеп басшысы түгел 14 фракция болып қатысты. Турнирге қатысушыларды аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі және аудандық кәсіподақ комитеті-Филиалының төрағасы Ләйла Ғаббасова құттықтап, сәттілік тіледі.
Ораторлық шеберлігімен қатар сөз саптауымен, ойды көркем бейнелеуімен сынға түскен барша қатысушылардың әділ бағасын беріп, саралаған сарапшылар М.Өтемісов атындағы БҚУ жанындағы «Ақиқат» пікірталас орталығының төрешілері: Зарина Бозова, Гүлмаржан Ғинетолла, Дильназ Талапова, Ақбота Ширмедин, Маржан Қарғабаева, Зауреш Сыдихова, Назкен Асан. Дебат қарары білім саласындағы оң өзгерістермен қатар, кездесетіін өзекті мәселелер төңірегінде болды. Сынға түскен директорларымыз дәлелдер мен фактілерге сүйене отырып, өздерінің ой ұшқырлығы мен шешендік өнерін көрсете білді.
Нәтижесінде С.Жақсығұлов атындағы ЖОББМ директоры Г. Ұзақбаева - «Үздік оратор», Ақтау МББК директоры Б. Иргалиева - «Үздік спикер» және осы фракция «Үздік талпыныс» номинациясын жеңіп алды. Турнир бойынша І орынды және ауыспалы кубокты Қ.Сәтбаев атындағы МГ фракциясы, ІІ орынды ІІ Шежін МББК фракциясы, ІІІ орынды Мереке МББК фракциясы жеңіп алды.
Турнир қорытындысына Тасқала ауданы білім беру бөлімінің басшысы А.Касимова дебат турнирі жоғары деңгейде өткенін, бұл шараның әрі қарай жалғасатынын атап өтті.
Сонымен қатар арнайы шақырумен Батыс Қазақстан облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев, бас маман-ұйымдастырушы Марина Темиргалиева қатысып қатысушыларды құттықтады. Білім беру бөлімі атынан барлық қатысушыларға дипломдар, сертификаттар табысталса, облыстық кәсіподақ ұйымының атынан барлық қатысушыларға сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.
-
Фотографии
-