БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МҮДДЕСІ – КӘСІПОДАҚ НАЗАРЫНДА!
7 қараша күні Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымына қарасты Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің Атқару комитеті отырысы өтті. Отырысты аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ержан Исатаев жүргізді.
Іс-шараға Атқару комитетінің мүшелері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және аудандық комитет мамандары қатысты.
Отырыста аудандық кәсіподақ комитетінің жыл басынан бері атқарған жұмыстары қорытындыланып, еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған міндеттер жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында Ержан Исатаев кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсаты – білім және ғылым саласы қызметкерлерінің заңды құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау екенін атап өтті. Ол ұжымдық келісімшарттардың сапасын арттыру, еңбек қатынастарындағы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
Сонымен қатар, Бахтияр Абдураимов еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау бағытындағы жұмыстар туралы сөз сөйлеп, сала қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Ол бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейтудің қажеттілігін ерекше атап өтті.
Отырыс соңында қатысушылар өз ұсыныстарын білдіріп, кәсіподақ қызметін жетілдіру бағытында пікір алмасты. Атқару комитетінің мүшелері қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауда ұстауға уағдаласты.
Сауран аудандық кәсіподақ комитеті алдағы уақытта да өз мүшелерінің құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қолдау шараларын күшейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.